Бүгін Мәжіліс депутаттары өткен жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есепті тыңдады. Қаржылық заңбұзушылықтардың 86 пайызы бухгалтерлік есептерді дұрыс жүргізбеуден. Жергілікті атқарушы органдардың қарызы да аз емес. Депутаттар «салық мәселесіне жаңаша көзқарас қажет»,- дейді.
Қазына қоржынындағы қаржы қайда, қашан, қандай мақсатпен жұмсалуы тиіс?
Былтыр республикалық бюджетке түскен кіріс көлемі 9 триллион 961 миллиард теңгеге жеткен. 2016 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 26,5 пайызға көп. Бюджеттік бағдарламаларға көзделген қаражаттың 99,8 пайызы жұмсалыпты. Ал, игерілмеген – 15 миллиард теңге. Депутаттарды алаңдатқан басты сұрақ әрине, өткен жылғы бюджеттің атқарылуы. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, Елбасы бюджеттің әр тиыны экономиканың тамырына қан жүгіртіп, халықтың тұрмысын түзеуге бағытталуы тиіс деп тапсырма берді. Сондықтан, байыппен пайымдап, сақадай салмақтап, бір теңгенің де ысырап болмауын қадағалау қажет.
Тұрлаусыз сөздің астарында тұрақты іс болуы керек. Бюджеттің атқарылуын тыңдау барысында депутаттардың тарапынан көптеген сұрақтар болды. Олар бірінші кезекте нақты нәтижеге қол жеткізу бойынша. Есеп комитеті болса, мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға шетелдік мамандарды тартуды қысқарту ұсынысын жасады. Себеп, олардың еңбекақасы жергілікті мамандардан 3-4 есе асып түседі. Өзгенікін зор, өзіміздікін қор көруді қою керек. Зерттеулерді жоспарлау мен қабылдау кезінде «жалғыз терезе» қағидасын енгізу қажет.
Былтырғы бюджет кодексіне енгізілген өзгертулерге сәйкес, енді квазимемлекеттік субъектілерге қаражатты бөлу қаржы-экономикалық негіздемеде анықталған бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру мерзімдері бойынша атқарылады. 2017 жылы еңбек өнімділігін арттыру және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасының бірінші бағыты бойынша, яғни, қажетті мамандықтарды оқытуға 9,5 млрд. теңге бағытталған еді. Қаржы толығымен игерілді.
Айзада Құрманова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 68 мың адам оқытылды. Бірақ, оның тек 30 мыңы, яғни, 58 пайызы жұмысқа орналастырылды. Бұл дегеніңіз 9,5 миллиард теңгенің жартысына жуығы тиімсіз жұмсалды деген сөз. Өйткені, бұл бағдарлама тек қажетті мамандықтарды оқытуға арналған. Себебі не?
Мадина Әбілқасымова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Бағдарлама былтыр жаңа формат бойынша жүзеге асты. Қысқа мерзімді оқыту курстарының барлығы жұмыс орнына бекітілмеді.
Ерболат Досаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Бірнеше рет жұмыс берушілер мен жергілікті атқарушы органдардан сұрадық, егер адамды оқыту қажет десе, онда оның қайда жұмысқа орналасатынын да білуіміз керек. Былтыр мұндай талап қоймаған едік. Осы жылы олқылықтың орнын жоямыз, оқығандардың денін жұмысқа орналастырып, қалғандарына мониторинг жүргіземіз.
Қазіргі кезде бюджет рәсімдерін жетілдіру тобының жұмысында көп жылдар бойы пайдаланылмай, квазимемлекеттік субъектілері шоттарында жатқан қаражаттарды бюджет кірісіне қайтару нормасы талқылануда.
Мәжіліс өкілдері барлық салаға қатысы бар бюджеттің негізгі аспектілерін қарады. Өз ұсыныстарын айтты. Жалпы, отырыста талқылап болған соң, 2017 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы Есеп комитеті мен Үкіметтің есебін Сенатқа жолдады.
Индира БЕГАЙДАР