Қызылорда облысында 500-ге жуық Батыр ана тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында 500-ге жуық Батыр ана тұрады

04.06.2018

Өңірде орта есеппен бір күннің өзінде 150 бала дүниеге келеді екен. Демографиялық ахуал жоғары Сыр өңірінің халқы бірер жылда миллионға жуықтайды деген болжам бар.

Айсара сегізінші сәбиіне өмір сыйлады. Яғни, 5 ұл, 2 қыз тәрбиелеген отбасының қуанышы еселене түсті. 42 жастағы Батыр ананың бар байлығы – балалары.  

Айсара Кенжепалова, батыр ана:

- «Балалы үй базар» деген. Әр бала өз несібесімен келеді. Өзім тұрмысқа шыққан кезде енеме ұқсап 10 бала туамын дегенмін.

Өңірде бала туу көрсеткіші жоғары. Алдағы 2 жылда Сыр өңірінің халқы 1 миллионға жетеді деген болжам бар.

Гүлнәр Жұмашева, облыстық Ана мен бала орталығының бас дәрігері:

- 5 айдың ішінде 4,5 мыңға жуық бала дүниеге келді. Былтырғы жылдың аяғында 11 мыңға жуық бала туылған. Тәулігіне 30-35 бала дүниеге келіп жатыр.

Арал ауданындағы Жақсықылыш ауылын көпшілік «алтын құрсақты аналар мекені» дейді. Мұнда 200-ге жуық Батыр ана тұрады. Әр әулетте кем дегенде 5 ұрпақ бар. Балғындардың бал күлкісі мен тәп-тәтті былдырлаған тілі айналаны шаттыққа бөлеп, нұрландырады. 

Бүгін орталық алаңға 14 мың бала жиналды, олар салтанатты  шеруге қатысып, мерекенің ажарын айшықтады.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу