Жақып Асанов өз төрағалық етіп отырған сот жүйесін сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жақып Асанов өз төрағалық етіп отырған сот жүйесін сынға алды

31.05.2018

Қисынсыз статистика келтіріп, қиянатқа бармайық. Жақып Асанов өзі төрағалық етіп отырған сот жүйесін сынға алды. Ол «тараптардың 95%-ы сот шешімімен келіссе, қалған 5%-ы ғана жоғары сатыларға шағымданады», деген деректің негізсіз екенін айтты. Керісінше, адамдар көп жағдайда соттың кесімді сөзін құп көрмей, қайта арызданады. Шындығында 20,4% яғни, 300 мыңнан астам даулы істің 80 мыңдайы жоғары құрылымдарға жолданады. Жоғарғы сот төрағасы осындай статистика келтірді әрі «нақ солай»,-деді. 

Жақып Асанов, ҚР Жоғарғы сот төрағасы:

- Істер даулы және даусыз болады. Даулы істерге даусыз істердің санын қосып жұмысымызды жылтыратып отырмыз. Бұл жөнінде біз қоғамға айтпаймыз. 95 пайыз жағдайда ешкім жоғарыға арызданып отырған жоқ деп айтамыз. Сондықтан, осы статистикаға үңіліп, обьективті түрде айтатын болсақ, онда мүлдем басқа картина шығады. Ауруын жасырған уақытынан бұрын өледі дегендей, біз осыны мойындап, ашық айтуымыз керек.

Бұл туралы «Соттағы шешендік: білім беру мен тәжірибе» атты халықаралық конференцияда айтылды. Жиынға ресейлік танымал тіл маманы Владимир Аннушкин шақыртылған. Жалпы, сот саласының маманы сауатты жаза білуді және сол жазғанын ұғынықты түсіндіруді меңгеруі тиіс. Тағы тараптарды татуластыруға күш салу керек. Мұның бәрі шебер сөйлеуге тіреледі. Сол себепті, сот академиясында шешендік өнерді үйрету үшін түрлі жұмыстар атқарылмақ.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу