Астана Еуразия кеңістігіндегі спорт орталықтарының біріне айналды. Өткен жылы елордада 600-ден астам спорттық шара өтсе, биыл 3000 спортшы қатысатын «Ironmen» сайысы өтеді. Бұл туралы бүгін қала әкімі Әсет Исекешев айтты. Қала басшысы тілшілерге «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Астанада «Рухани жаңғырудың» «Атамекен» кіші бағдарламасы әлеуметтік бастамалар картасы мен «Жомарт жүрек» жобалары қарқынды жүзеге асуда. Қалада меценаттар клубы құрылған. Жеке инвесторлардың 8 миллиард теңге қаржысына 8 спорт кешені салынуда. Бір айдан соң триатлон академиясы ашылып, Астанада «Ironmen» әлемдік сайысы өтеді. Оған 35 елден 3000 спортшы қатысады. Бұдан бөлек, әзіл-сықақ театры ашылып, жаңа театр ғимараты салынады.
Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:
- ЭКСПО көрмесіндегі «Энергия холл» деп аталатын ғимаратта жаңа сатира және әзіл театрының ашылуы болмақ. Аталған театрдың көркемдік жетекшісі Тұрсынбек Қабатов болады. Президент тапсырмасына сай «Рухани жаңғыру» аясында Астанада Қазақ Мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрдың ғимараты салынады. Мәдениет және спорт басқармасы бұл жұмысқа кірісіп кетті.
Бағдарлама аясында білім саласы да қарқын алды. Соңғы бес жылда астаналық оқушылар саны екі есе артқан. Сондықтан, билік пен бизнес бірлесіп, алдағы 3 жылда 27 жаңа мектеп пен 10 мектептің жанынан қосымша ғимарат салады. Сондай-ақ, биыл «Астана дарыны» атты қор құрылып, үздік түлектерге грант беріледі. Қала әкімінің грантымен маман даярлау мәселесі де реттелген.
Мәлика Бектұрова, Астана қаласы әкімінің орынбасары:
- Біз мемлекеттік тапсырыс бойынша 16700 грант бөлетін боламыз. 1102 грант тек осы ЖОО берілетін гранттар. Техникалық және кәсіби мекемелерге 4500 грант беріледі. Сондай-ақ, 10000 адамды цифрлық қызметтерді пайдалану бойынша үйретеміз.
Жиында Астана әкімі қымбаттайды деп қызу талқыға түскен қоғамдық көлік жолақысына қатысты да түсінік берді. Белгілісі, «Астра» картасы бар азаматтар қазіргіше 90 теңге төлей береді. Ал, қолма-қол төлейтіндер шілденің ортасынан бастап 180 теңге төлеуі мүмкін.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ