Бір қыс бойы құрылыс компаниясының соңынан қуып шыдамдары таусылған құрылысшылар бүгін арнамызға хабарласты.
Сегіз айдан бері соқыр тиын да алмай сергелдеңге түскен құрылысшылар бүгін тағы жиналды. Бір емес 12 бригаданың өкілдері.
Қарасай ауданы Көлащы ауылындағы мына мектепті салуға ат салысқан. Мектеп құрылысы өткен желтоқсан айында аяқталса да, жұмысшылар ақшаларын әлі алмаған. Әне береді, міне береді деп жүргенде қыс түгіл, көктем бітті.
Азамат Мұртазаев, жұмысшы:
- Мен ол жерден қарашаның 15-тері кеттім. Содан бері 30 пайызын ғана берді. Онда да айқай-шумен әйтеуір ұрысып-қырылысып алдық.
Гүлайым Дәулетбаева, жұмысшы:
- Негізі біз осында келген кезде «Бекжанқұрылыс» фирмасы бізге екі айға кепілдік хат жазып берді. Енді оның да уақыты өтті. 1 мамырға дейін төлеп береміз деп айтты. Бірақ, 1 май өтіп кетті. Бізбен кездеспейді. Қашып жүреді үнемі.
«Бекжанқұрылыс» серіктестігінің кеңсесі бүгін де жабық тұр. Басшыларына хабарластық. Бірақ, бізбен жолығудан бас тартқан жауапты маман ақшаны алдағы 15 күнде береміз, - деп тек телефон арқылы ғана айтты.
Дегенмен, сегіз ай бойы осындай құрғақ уәдеге сеніп келген құрылысшылар аудандық прокуратура мен еңбек инспекциясына арызданған. Бірақ, еңбек инспекторы жұмысшылар «әу» баста аталған компаниямен еңбек шартын жасамаған. «Сондықтан, соттың араласуынсыз ақшаның берілуі екіталай», - дейді.
Бауыржан Жұрынов, Мемлекеттік еңбек инспекторы:
- Бұл кісілерге сотқа шығыңыздар деп жауап бергенбіз. Себебі, азаматтық-құқықтық байланыстар тек қана сотпен шешіледі.
Еңбек шарты болмаса да, құрылысшылардың қолында «Жалпы көлемі 34 млн. 406 мың 532 теңге қарызды қайтарамын», - деп жазып берген «Бекжанқұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кепілхаты бар. Сол хаттың негізінде енді жұмысшалыр сотқа шағымданбақшы.
Аманкелді СЕЙТХАН