Жыл басынан бері балалардың қатысуымен Астанада 29 жол-көлік оқиғасы болып, 27 бала түрлі дене жарақатын алған. Мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жол қауіпсіздігі ережелерін үйрету маңызды. Бүгін «MEGA Silk Way» ойын-сауық орталығында балаларға арналған автоқалашық ашылды.
Онда балалар ойнап қана қоймай, жол ережесін үйренеді. Кішкентай автокөліктер мен бағдаршамдар, жол белгілері мен арнайы сызықтар бүлдіршіндерді қала өміріне үйретеді.
Балаларды жолда дұрыс жүріп-тұруға үйрету «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» республикалық акциясы аясында өтеді. 20 жылдан бері өтетін шараның биыл форматы өзгеше. Себебі, қаладағы «MEGA Silk Way» орталығында «Эврикум Карс» деп аталатын автоқалашық ашылды. Бұл жерден балалар қала жағдайында қалай жүріп-тұру керектігін үйренеді.
Айымгүл Валеева, Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметі инспекторы:
- Ойын-сауық орталығының ішінде осыдай автоқалашық ашылғанына өте қуаныштымыз. Жол-патрульдік полициясының қызметкері балаларға ережелерді түсіндіреді.
Бүгін балалардың алғашқы тобы келді. Бірінші сыныптың оқушылары инспектордың айтқанын мұқият тыңдап, сұраққа жауап берді. Оларға жасанды жүргізуші куәлігі де берілді.
Әлихан Сайлаубек, оқушы:
- 4-сыныпта оқимын. Автоқалашықта қызық болды. Біз полициядан жол ережелерін үйрендік.
Балалардың жолдағы қауіпсіздігін сақтап, апаттың алдын алу қашанда маңызды. Республикалық акция кезінде аталған автоқалашықта 10 мыңнан астам оқушы қауіпсіздік ережесін үйренеді.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ