Шымкентте мектеп бітірушілер қайырымдылық жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте мектеп бітірушілер қайырымдылық жасады

25.05.2018

Шымкенттік шәкірттер жылдағыдай «Соңғы қоңырау» мерекесінен соң қала көшелерінде қымбат автокөліктермен сырнайлатып серуендеуді доғарып, оның орнына биыл ізгілікті іс жасады. Мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығына барып, көңілі жабырқау жандарға қуаныш сыйлады. Түлектер оларға өз қаржыларына сатып алған сый-сияпаттарын берді.

Мектепті биыл аяқтағалы отырған бұл шәкірттердің Көксәйектегі балалар үйіне алғаш келуі емес. Екі жыл бұрын да осындағы балаларды қуантып қайтқан. Бүгін түлектер орталықтағылардың өмірімен танысып, соңынан концерттік қойылым көрсетті. Оларға ойыншықтар, доп, теннис, шахмат, бокс қолғабы секілді спорт бұйымдарын тарту етті.

Жанерке Оралбек, мектеп бітіруші:

- Ата-бабамыз бұрыннан бастап бойына сіңіріп келе жатқан ізгі істердің бірі қайырымдылық деп аталады. Сол себепті, біз ұстаздарымыздан алған тәрбиемізді көрсете отырып, мектеппен бірге осындай шара өткізудеміз.

Оңалту орталығында бүгінде 130-ға тарта бала тәрбиеленеді. Көбі тумасынан мүгедек. Қоларбаға таңылған олар өзгенің көмегіне зәру. Осы мекемеде тәрбиеленген 12 бала да бүгін өз замандастары секілді мектептен орта білім алып шықты.

Диана Ешметова, балалар үйінің тәрбиеленушісі:

- Қимастық сезімдемін. Он жыл бойы осында тәрбиелендім. Өзімізбен қатарластар келіп, бізге сыйлық жасағанына үлкен рахмет.

Мектепті тәмамдап, үлкен өмірге жолдама алған жастар алғашқы қадамдарын осындай ігілікті істен бастауды құп көрген. Өйткені, олар «қайырымдылық - адамилық құндылық, ал, қамқорлықты ізгілікті іс», дейді.

Бекзат Әбдіғаниев, мектеп бітіруші:

- Біздің қатарластырымыз болғанымен олардың мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, өзіміздің көмегімізді тигізгіміз келеді. Үлкен өмірге ең алғаш қадам басуымызды қайырымдылық істермен бастағанды дұрыс деп санадық.

Ал, мектепті үздік аяқтағалы отырған 3 мыңға тарта жас бүгін Ордабасы тауында «Туған жерге тағзым!» шарасын өткізді. Ордабасы тауы - қазақтың елдігін танытар тұста орда болған, Тәуелсіздіктің туын желбіретер тұста киелі тұғырға айналған атамекен. Өңірде алғаш рет ұйымдастырылған бұл шара жастардың туған елге деген құрметін арттырып, рухани сананы жаңғыртуға негіз болмақ.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу