Алматы облысының көрікті жерлеріне биыл Қытайдан келетін туристердің саны артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының көрікті жерлеріне биыл Қытайдан келетін туристердің саны артады

24.05.2018

Бұған дейін аймақ бойынша небәрі 500, ал, ел аумағына 2000 адам саяхаттаса, енді жыл сайын бұл көрсеткіш 100 мың туристке жетпек. Бұл туралы Қытайдың Сиань және Чэнду қалаларында өткен «Zhetysu Travel–2018» уоркшоп барысында отандық туроператорлар айтты. Аталған ауқымды шараның алғаш рет шетелде өтуіне облыстық Туризм басқармасы мен Қытайдың Туризм және мәдениет министрлігінің Астана қаласындағы өкілдігі мұрындық болды.

Сиань - Ұлы Жібек жолының бастауы. Тарихы 6000 жылдан әрі асатын көне шаһар Шаньси әкімшілік аймағына қарайды. Міне, осы рухани өркениеттің мекені болған өлкеде отандық туроператорлардың уоркшобы «В2В» үлгісінде өтті. Оған бізден 6, Қытай елінен 60 туристік компанияның өкілдері қатысты.

Жанар Алшымбаева, Алматы облыстық Туризм басқармасының басшысы:

- Алматы облысында өткен жылы 1,5 млн. турист қабылдадық. Қазіргі таңда Алматы облысы туризм саласының даму динамикасы бойынша Қазақстанда бірінші орында тұр. Бүгінгі қол қойылған меморандум аясында біз екіжақты көптеген жұмыстарды жоспарлап отырмыз.

Былтыр Қазақстандағы Қытайдың туризм жылы болған еді. Біздің ел «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі» бастамасымен ұштастырған. Бұл қадам көрші екі ел арасындағы достықтың беріктігін көрсетті. Енді жыл өткен соң отандық туроператорлар қытайлық әріптестерімен тығыз байланыс орнатуға кірісті.

Гао Жонгин, Шаньси провинциясы Туризм комитетінің басшысы:

- Қазақстан - Ұлы Жібек жолы бойындағы ең маңызды мемлекет. Тағылымды тарихы мен бай мәдениеті бар. Сондықтан, Алматы облысының бұл бастамасы құптарлық. Енді келісімшартқа сай, Шаньси провинциясымен қарым-қатынасы жақсарады деп сенеміз. Шілде айында біз осы облысқа арнайы сапармен барамыз. Сол кезде туризм мәселесін тағы да талқылаймыз.

Шаньсиде өткен жиын Сычуань провинциясында да жалғасты. Мұнда да қытайлық әріптестермен арнайы келісімшартқа қол қойылып, туристерді көптеп тарту мәселесі пысықталды.  

Жалпы, Сычуань және Шаньси әкімшілік аймақтарының туризм саласында мүмкіндігі зор. Мәселен, Сычуаньда 200 млн. халық тұрады. Солардың 48 млн. жыл сайын шетелдерге саяхаттайды. Ал, оларға сол саяхат үшін мемлекет тарапынан 3 млрд. юань бөлінеді. Мұны теңгеге шақсақ, 150 млрд. теңгеден астам қаржы болады.

Чэндудегі басқосуда тараптар туристік қашықтық пен осы саланы дамытудың тиімді әдістерін талқылады. Қазір Алматы-Сиань арасында тікелей ұшақ бағыты жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта Чэндуге де осындай рейсті ашу жоспарда бар. Бірақ, бұл елге келетін туристердің легіне байланысты болмақ.

Алия Жақыпқызы, туроператор:

- Біз саяхаттан бөлек, бизнес жобалар туралы да сөйлесіп, уағдаластық. Қытайлық кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы, автомобиль салаларына инвестиция құюға ынталы. Сондықтан, олармен тілдесіп, бірге жұмыс істеуге келістік. Ал, Алматы облысының көрікті жерлерін көремін дейтін туристерді әкелуге осы елдің туроператорлары аса қызығушылық танытып отыр.

Елімізге жыл сайын Қытай Халық Республикасынан 2000-нан астам турист келеді. Ал, енді Сиань мен Чэнду қалаларында арнайы уоркшоп өткізген біздің туроператорлар алдағы уақытта 100 мыңға жуық турист келеді деп жоспарлап отыр.

 

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу