Қазақстандық бал өндірушілер Қытай нарығына шығуға мүдделі. Ол үшін бал өңдейтін кәсіпорындардың технологиясы халықаралық талаптарға сай болуы тиіс. Көрші елден келген сарапшылар еліміздің үш өңірінде болып, омарташылардың жұмысымен танысты. Мамандар Алматы облысындағы «Лепсі өнімдері» бал зауытында өнімді ыдыстарға құю, қораптарға салу процестерін көріп шықты. Бұл кәсіпорын 2016 жылы іске қосылған. Алғашқы кезеңде 40 тонна бал өндірсе, қазір өнім көлемін 300 тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Балдан бөлек, мұнда жабайы жеміс-жидектерден түрлі тосап, шырындар жасалады.
Олжас Аусабаев, ҚР АШМ департамент директорының орынбасары:
- Қытай сарапшыларының тексеруінің нәтижесі бойынша, қазақстандық омарта шаруашылықтарын Қытай Халық Республикасына импорттауға құқығы бар кәсіпорындар тізіміне енгізуге мүмкіндік бар.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ