«Нұр Отан» партиясының «Қазақстанның кітапханалары» атты жаңа жобасы аясында Қызылордада арнайы семинар өтті. Әбділда Тәжібаев атындағы ғылыми әмбебап кітапханада IT парк шығармашылық алаңы бар. Бұл талантты жастардың ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы стартап жобаларын қолдау мен дамытуға жол ашпақ. Семинарға қатысушылар орталықтың жұмысымен танысты. «Нұр Отан» партиясы қолға алған «Қазақстанның кітапханалары» жобасы негізінде еліміздегі кітапханалар заманауи білім орталығы ретінде қайта құрылып, кітап қорының электронды нұсқалары дайындалатын болады. Яғни, бірыңғай онлайн кітапхана жасалады.
Ибадулла Құттықожаев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
- Мектептердегі, жоғарғы оқу орындарындағы кітапханалардың барлығы осы электронды онлайн жүйесіне қосылуы керек. Келген оқырман өзіне қажетті оқулықты осы кітапханадан алуы қажет. Ол осы кітапханада бар оқулық бола ма, орталық кітапханалардағы оқулық бола ма немесе шетелдік кітапханалардағы оқулық бола ма, яғни, соларға қолжетімді жұмыс жасауы қажет.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ