Алматыда менингококк инфекциясынан 4 жастағы бала көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда менингококк инфекциясынан 4 жастағы бала көз жұмды

21.05.2018

Алматыда жыл басынан бері менингит ауруынан 3 адам көз жұмды. Олардың біреуі 5 жасар бала. Алайда, бүгін әлеуметтік желілерде елді дүрліктірген хабарламаға байналысты баспасөз мәжілісін өткізген Денсаулық сақтау басқармасының мамандары «бұл қалыпты жағдай», деп жауап берді. Айта кетейік, кеше мессенджерлерде тараған хабарламада «Менингококк инфекциясы әзірге үш ересек адамнан табылды. Менингитпен ауырған үш бала ауруханаға жатқызылды. 4 жасар бала қайтыс болды. Науқастар саны 40-қа жетті», делінген.

Менингит жұқпасынан өмірі қиылған науқастардың барлығында аурудың жедел түрі анықталған. Соңғы бірнеше күнде дәрігерлердің көмегіне жүгінген 47 адамның он бесінде диагноз зертханалық тексеру арқылы расталған. Ал, олармен түрлі жағдайда қарым-қатынаста болған 715 адам мамандардың бақылауында тұр.

Айзат Молдақасымова,  қалалық Қоғам денсаулығын қорғау департаментінің басшысы:

- Барлық өлім-жітім әртүрлі жағдайда тіркелген және бір-бірімен байланысты емес. Менингококты инфекция - бактериямен туындайтын жіті инфекциялық ауру.  

Мәселенің мән-жайын білмекке біз Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасына бардық. Бірақ, бұл жерден көз жұмған науқастарға қатысты нақты ақпарат алу мүмкін болмады.

Мамандар жайбарақаттық танытқанымен, тұрғындардың көңілі алаңдаулы. Өйткені, олар «балаларының денсаулығына бейжай қарай алмаймыз», деп отыр.

Гүлмира Сұлтанбаева,  қала тұрғыны:

- Шынын айтқанда дәрігерлер жетпейді,  мына жаққа медбикелер жетпей жатыр.

Ермек Сүлейменов,  қала тұрғыны:

- Осында келіп жатырмыз. Жедел жәрдеммен келіп жатқан балалар көп.

Дәрігерлер «шаһарда індет тарап жатыр», деп дабыл қағудың қажеті жоқ деген уәж айтты. Олардың сөзінше, аурудың жоғары мерзімділікке өтуі 10-15 жылда бір кездеседі екен.  

Мамандар менингит ауруының жоғары мерзімділікке өтуіне байланысты баламен қоғамдық орындарға шықпауды сұрайды. Ал, «аурудың симптомдары анықталған кезде өз бетінше ем жүргізбей, білікті дәрігердің көмегіне жүгінсе екен», - дейді. Өйткені, көп жағдайда ата-аналар өз бетімен ем жасап ауруды асқындырып, кеш қаралады. Мұндайда баланың өмірін құтқару қиынға соғады. Сондықтан, дәрігерлер екпе салдыруға кеңес береді. Ал, екпенің құны 22 мың теңге тұрады.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ  

Хабарламаларға жазылу