ОҚО-ның Ұшқын ауылында 350 отбасыға баспана салу үшін жер телімдері берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-ның Ұшқын ауылында 350 отбасыға баспана салу үшін жер телімдері берілді

21.05.2018

Оңтүстік Қазақстан облысының Ұшқын ауылында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 350 отбасыға баспана салу үшін жер телімдері берілді. Қазақ-өзбек шекарасының шебіне қоныстанған елді мекен тұрғындары он жылдан кейін осындай қуанышқа бөленіп отыр.

Аумағы 80 гектар жерді алып жатқан ауданның бас жоспары жасалып, бекітілді. Әр отбасыға берілетін  жер телімінің аумағы 15 жүздік болмақ. Тұрғындардың құрылыс жүргізуіне  қолайлы болу үшін инфрақұрылым жүйелері жасалды. 210 миллион теңгеге электр желілері тартылып, трансформаторлар орнатылды. Енді жақын күндері көшелерге асфальт төселе бастамақ. Ол үшін қазынадан 65 миллион теңге бөлінді. Жалпы, Достық, Қоралас ауылдарын біріктіріп отырған округте бүгінде 700-ден астам адам жер теліміне кезекте тұр. 

Алмас Сексенбаев, Ұшқын ауылдық округінің әкімі:

-Тұрғындарға жер телімі 2 жылға беріледі. Сол екі жыл мерзімнің ішінде ол кісілер тұрғын үйін салып, мемлекеттік қабылдау актісін әкеледі. Сол үшін бүгінгі таңда  әкімшілік тарапынан қаржылай жеңілдетілген несие алып беру жұмыстары жүріп жатыр. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу