Жаһандану заманында әр үйде интернеттің болғаны маңызды - Дәурен Абаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаһандану заманында әр үйде интернеттің болғаны маңызды - Дәурен Абаев

16.05.2018

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде тіркеуден өткізілмеген ұялы телефондарға қызмет көрсетілмейді. Бұл туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі есептік кездесу барысында айтты. Ведомство басшысының айтуынша, бұл қадам телефон ұрлығын айтарлықтай төмендетеді. Сондықтан, әрбір азамат осы жылдың соңына дейін абоненттік орталықтарға барып, аппараттың  IMEI-кодымен бірге жеке сәйкестендіру нөмірін тіркеулері қажет.

Мұндай есептік кездесу мемлекеттік органдардың жұмысын халыққа жақынырақ көрсетуге мүмкіндік береді. Ведомство өкілдері жыл бойы атқарылған жұмыстары мен жоспарын ашық баяндайды. Халық министрге тікелей сұрақ қою мүмкіндігіне ие болады. Бұл жолғы басқосудың да маңызы ерекше.  Осыдан екі жыл бұрын құрылған Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің атқарған жұмыстары қорытындыланды. Облыс орталықтарымен байланыс орнатылып, министр әр аймақтың сауалына жауап берді. 

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі: 

- Мемлекет басшысы біздің алдымызда БАҚ, коммуникация мен мемлекеттік қызмет көрсету салаларын дамыту бойынша нақты мақсаттар қойды.  Қазір олар жоспар бойынша орындалып жатыр. Өткен жылы біз осындай форматтар ұйымдастырдық. Менің ойымша, мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы жақсы сұхбат алаңына айналды.

«Жаһандану заманында әр үйде интернеттің болғаны маңызды»,-дейді министр. Еліміздің басым бөлігі, нақтырақ айтсақ 13 миллионнан астам адам осы күні жаһандық желіге қосылған. Өкінішке қарай, шалғайда жатқан кей елді мекендерді ғаламторға қосуда біршама қиындық туындады. Өйткені, халық саны тым аз. Сондықтан, министрлік қазір болашағы бар елді мекендердің тізімін жасап жатыр.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі: 

- Дәл осы елді мекендерге біз жоғары жылдамдығы бар интернетті тартып береміз. Сонда шамамен 2 млн. адам жылдам интернетке қосыла алады. Қалған ауылдардың мәселесін әлі де қарастыратын боламыз. Спутник арқылы береміз бе, жоқ, әлде арнайы құрылғыларды жаңартамыз ба? Ол жағын әлі де талқылаудан өткіземіз. Шағын ауылдарға ұялы байланыс пен интернетті тартқан экономикалық тұрғыда тиімсіз екенін мойындауымыз керек.

Ведомство басшысы жақында еліміздің үш облысы толығымен цифрлық телерадио xабар тарату жүйесіне көшетіндігін мәлімдеді. Олар Маңғыстау, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан өңірлері. Ал, өзге аймақтар жүйеге 2020 жылдың соңына дейін ауысады.

Сондай-ақ министр, жыл соңына дейін барлық облыс орталықтарында цифрлы Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылатындығын мәлімдеді. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрі де, сапасы да артады. Осы күні «Электронды үкімет» порталы арқылы қызметтің 235 түрін алуға болады. Былтырдың өзінде сайтқа берілген 34 миллион өтініш шешімін тапқан. Алдағы уақытқа бұл көрсеткіш еселене түседі. Өйткені, ауыл-аймақтар да жаңа жүйенің көмегіне жүгіне алады.

Бақытжан ОМАР

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу