Шымкентте алғаш рет арбат үлгісіндегі көше пайда болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте алғаш рет арбат үлгісіндегі көше пайда болды

16.05.2018

Келбеті күн санап ажарланып келе жатқан Шымкент қаласында алғаш рет арбат үлгісіндегі көше пайда болды.  Оның ұзындығы 1,5 шақырым. Ұлт жанашыры Жұмабек Тәшеновтің ескерткішінен бастау алған көшенің екі беті тұтас көгалдандырылып, жиегіне орындықтар қойылды.

Сондай-ақ, арбатқа арнайы егілген аққайыңдар мен раушан гүлдері ерекше көрік беріп тұр. Түнгі уақытта арбат торшерлермен жарықтандырылады. Енді жуық арада осы саяжолдың бойы тек демалыс орны ғана емес, шығармашылық ортаға айналмақ.  Жоба бойынша суретшілер үйін салу жоспарланған. 

Жалпы, жыл соңына дейін шаһардың тағы бірнеше көшесі осы үлгідегі арбатқа айналады. Сондай-ақ, қаланы қақ жарып ағатын Қошқар ата өзенінің бойын абаттандыру ісі де ерекше қарқынмен жүргізілуде. 

Нұрлан Арқабаев, Шымкент қаласы әкімдігі  Сәулет, қала құрылысы бөлімінің басшысы:

- Жаяу жүргіншілер аумағы болуына  байланысты ол жерде сервистік нысандар, демалатын кафелер де пайда болады. Сонымен қатар,  қолөнер шеберлерінің шеберханасы болады деп жоспарлануда. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу