Елордада аптасына орташа есеппен тоқтап қалған лифтілер бойынша 8-9 шағым түседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада аптасына орташа есеппен тоқтап қалған лифтілер бойынша 8-9 шағым түседі

15.05.2018

Астанада аптасына лифтінің тұрып қалғандығы туралы 10-ға жуық шағым түседі. Бұл ресми органға хабарласқандар саны ғана. Расында, соңғы кезде жеделсатымен көтеріліп түсу кім-кімді болмасын үрейлендіретін болды. Әсіресе, Ақтөбедегі 28 жасар келіншектің өлімінен кейін елдің есі кетті. Бірақ, лифтісіз жоғары қабаттарға күнделікті үздіксіз мініп-түсу тағы мүмкін емес. Сондықтан, тұрғындардың сақ жүргені абзал.

Бұған дейін «Эдем Палас-2» тұрғын үй кешенінде 2 рет лифт төмен қарай құлдилады. Алғашқыда 6-шы қабаттан баламен бірге 6 адам апатты жағдайға тап бола жаздады. Кейін оқыс оқиға қайта қайталанып, 17-ші қабаттан үзілген лифт 8-ге барғанда қосымша тростың көмегімен тоқтаған. Әйтеуір бәрі де есен-сау. Бірақ, содан кейін қауіп сейілді ме?

Наталья Данилова, «Эдем Палас-2» тұрғын үй кешенінің тұрғыны:

- Иә, ондай болды. Сол жағдайды басынан өткізгендердің бірі менмін. Лифтіде кішкене ұшуға тура келді. Бірақ, сосын тұрғындар болып қолымызға алдық. Сапасы жақсарып, сервис күшейтілді. Жаңа бейне камералар орнатылды. Ішінде үнемі ауа айналып тұрады. Баяғыдан гөрі тәуір.

Мәселе бір үйде түзелгенімен, екінші жерде ақсап тұр. Жеделсатылар осы айда тағы да тұрып қалды. Сөйтіп, әлеуметтік желіні шулатты:

- «Олимп Палас-2» тұрғын үйде төтенше жағдай. Лифтіде адам қалып қойып, дем алуы қиындады. Бір сағаттай отырды.»

- «Мен «Эмират» тұрғын үй кешенінде лифтіден шыға алмай тұрмын. Құтқарушылар, көмектесіңіз!».

Иә, лифтімен жүру үрейлі бүгінде. Саласына салғырт қарағандарға қылмыстық іс қозғалатын да болды. Бірақ ,одан секем алған жан жоқ секілді. Әкімдіктің өзі бетпе-бет сұхбат беруден бас тартып, жауабын жазбаша жолдады. Астанада аптасына орташа есеппен тоқтап қалған лифтілер бойынша 8-9 шағым түседі. Ал, ауыстырылуы тиіс 65 жедел сатыны анықтапты.

Қателер тезірек түзетілмесе, Ақтөбедегі жан түршігерлік жайт қайталана ма?,-деп қорқасың. Онда 28 жастағы тележүргізуші жарамсыз лифтінің құрбаны болды. Жеделсаты механизміндегі автоматика жүйесі істен шыққан. Өңірдегі лифтілерді түгел тексеру өлім тіркелгеннен кейін ғана жүзеге асты. 282 жедел сатының 149-нан техникалық ақау, ал, 22-сі апатты жағдайда екені анықталды.

Дастан Аманов , облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Біздің есебіміз бойынша, жеделсатыларды жөндеуге және жарамсыздарын ауыстыруға 2 миллиард теңге шамасында қаржы қажет. Биыл ағымдағы жөндеуге жергілікті бюджеттен 40 миллион теңге бөлінді. Оған 6 жеделсаты жаңартылады.

Күнделікті үздіксіз пайдаланатын тасымал құралы уайымға салдырмас үшін салғырттық танытпаған абзал. Әйтпесе апат та, опат та болуы мүмкін. Бұған жас өмірдің қиылғандығы дәлел. 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу