Аягөзде су тасқынынан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Наурыз айында ауданда талай адам баспанасыз қалып, ондаған үй тұруға жарамсыз күйге түскен. Қас-қағым сәтте бар жиған-тергені мен малынан айырылып қалған жандарға ел болып көмектесіп, қиыншылықты жеңуге қолұшын берді.
Тасқыннан үйі қирағандардың бірі - Аида Әбдікәрімова. «Тосыннан келген қарғын су үйге кіріп, есеңгіреп қалдық. Дүние-мүлік тегіс жарамсыз күйге түсті. Қайта қайырымды жандар дер кезінде көмек көрсетті», - дейді ол.
Аида Әбдікәрімова, Аягөз қаласының тұрғыны:
- Гуманитарлық көмек пен балаларға киім-кешек алдық. Мектеп әкімшілігіне де ризамыз. Жағдай жасалып жатыр.
Тасқыннан кейін есін жиған жұрт қазір бұрынғы тірліктеріне қайта оралған. Бүлінген үйлерді құрылысшылар қалпына келтіріп жатыр.
Сержан Қаһарманов, құрылысшы:
- Су басып, қопарылған жерлерді сылап, қайта орнына келтіріп жатырмыз.
Айтқали Ысқақов, Аягөз қаласының тұрғыны:
- 9 күннің ішінде Аягөздің құрылысшылары келіп, үйімізді осылай қалпына келтіріп, жасап берді. Алғысымыз шексіз.
Аягөзде тасқыннан бүлінген бас-аяғы 47 үй бүгінде жөнделіп болды. 26 баспананың құрылысы жуық арада толығымен аяқталады.
Нұрлан Қантаев, Аягөз қаласы әкімінің орынбасары:
- Қазіргі кезде 51 үй тұруға жарамсыз деп танылып, 92 үй жөндеуге жатады деп шешілген. 51 үйден қазіргі кезде 34 жанұяға баспана алынды, 17 үй сатып алуға республикалық бюджеттен қаражат күтілуде.
Тағы 19 баспана жөнделеді. Әзірге тұрғындардың келісімімен құрылыс жұмыстары кейінге шегеріліп отыр. Тасқыннан кейін бойын тіктеген аягөздіктер қазір төңіректі қоқыстан тазартып, көшелерді абаттандыруға кіріскен.
Рысгүл МАДВАСОВА
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.