Сыр диқандары мол өнім алу үшін тұқымның жаңа сорттарын сынақтан өткізуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр диқандары мол өнім алу үшін тұқымның жаңа сорттарын сынақтан өткізуде

10.05.2018

Қызылорда облысында күріштің егістігі биыл 10 мың гектарға азайды. Себебі, өңірде су тапшы. Соған қарамастан сыр диқандары мол өнім алу үшін тұқымның жаңа сорттарын сынақтан өткізуде.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:  

-Бұл- әйгілі «Ақмаржан» күрішінің тұқымы. Оның пайда болғанына біраз жыл болса да, сұраныс ешқашан төмендеген емес. Биыл да шаруашылықтар  негізінен күріштің осы түрін егіп жатыр.

Бидайкөл қожалығы биыл 2009 гектар жерге тұқым  септі. Ауа райының қолайсыздығына, топырақ пен судың тұздылығына кез келген сорт төтеп бере алмайды. Сондықтан, олар  Қызылорданың брендіне айналған  «Ақмаржанға» басымдық берді. Оған қоса, бірнеше жаңа сортты тәжірибе алаңында сынап көрмек.

Талғат Байдалиев, шаруашылық төрағасы:

-Жаңа сорттарды сынақ есебінде алдырып жатырмыз. Бірақ, ол аз көлемде болды. 100-200 келіден ғана алдырып, сынақ жасатып жатырмыз. Әлі өндіріске енгізген жоқпыз. Көршілес елдерде де күріш егеді, ал олардың базарына бәсекелес болу үшін біздің күріштің құны арзан болуы керек. Ал, ол арзан болуы үшін өнім мол болуы қажет.

Ғалымдар екі жаңа сорт ұсынды. «Әйгерім» және «Сыр сұлуы». Олардың    да алдағы уақытта жоғары сұранысқа ие болатынына сенімді. Себебі, әбден зерттеліп, сынақтан өткен сұрыптың  өзіндік ерекшеліктері бар. Ең бастысы, ерте піседі. 

Серікбай Өмірзақов,  Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ҒЗИ бас директоры:    

- 2020-2021  жылдарға шетелдік сорттарды ығыстырып, 60-70 пайызды өзіміздің сорттармен егеміз бе деген жоспарларымыз бар.

Жақсы өнім алу үшін жер құнарлы болуы керек. Жасыратыны жоқ, қазір жердің мелиоративтік жағдайы мәз емес. Оның үстіне ойлы-қырлы атызды кез келген шаруашылық тегістей алмайды.  Ал, негізінен суда өсетін күріш дақылы үшін жердің бірқалыпты болуы  маңызды. Су үнемделеді, тұқым да біркелкі себіледі.  Сондықтан, шаруашылықтар жерді лазерлік сәулемен тегістеп, науқанға жақсы дайындықпен кірісті.

Бақыт Жақанов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

-8 мың гектар күріш егілсе, соның 3 мың гектары суға бастырылды. Салқын болуына байланысты 7-10 күнге кештеу бастап жатырмыз. Дегенмен, бар техниканы оңтайлы пайдаланып, 1 маусымға дейін егу, 5 маусымға суға бастыруға барлық мүмкіндік бар.  

Жылдан-жылға күріш көлемі азайғанымен, өнімділік артып келеді. Былтыр ел қамбасына жарты миллион тонна дән құйған Сыр диқандары биыл да мол өнім алуды көздейді. Оған мүмкіндік бар. Тыңайтқыш, жанар-жағармай тапшылығы жоқ, техника сақадай-сай.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу