Алматыда роботтар күш сынасты. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «KazRobotics - 2018» атты алматылық балалар жасаған роботтардың сайысы өтті. 2015 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан жарыс биыл үшінші рет ұйымдастырылды. Екі бағытқа бөлінген байқауға жас өнертапқыштар 40-қа жуық жоба ұсынды.
Балаларға инновация бағытында кәсіби бағдар беретін жарысқа 6 жастан 21 жасқа дейінгі өнертапқыштар жиналды. Олар өзара тәжірибе алмасып, білімі мен білігін шыңдайтын сайысқа қиялдарынан туған 40-қа жуық қызықты жоба алып келген.
Бекзат Аманов, Қазақ Ұлттық университеті механика кафедрасының мұғалімі:
- Қазірше жобаға 40 адам қатысып жатыр. Оның ішінде инновациялық ұшақ, квадрокоптерлердің жаңа түрлері, адамға қажетті жаңа заттар бар.
Балалардың ұшқыр ойлары мен тың идеялары көпшілікті таңқалдырды. Мәселен, Камила мен Малика көру қабілеті нашар адамдарға арналған көмекші құрал ойлап тапқан. Таяқша іспетті құрылғы зағип жандарға маңайындағы кедергілерді вибрация арқылы автоматты түрде ескертіп отырады.
Камила Әбдіхалиева, жас өнертапқыш:
- Қандай да бір көмек керек болған жағдайда, олар қауіпсіздік, жедел жәрдем және де өрт сөндіру қызметтеріне қоңырау шала алады.
Қазылар алқасы роботтар мен компьютерлік жобаларды жан-жақты тексеріп, көшірме емес екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана жеңімпаздар анықталады. Ал, топ жарғандар алдымен Астана қаласында өтетін республикалық сайысқа жолдама алады. Ол жерде оза шапқандар халықаралық жарыстарға қатысып, маңызды жобаларға қаржы бөлініп, іс жүзінде жүзеге асырылмақ.
Амангелді СЕЙІТХАН
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.