Жеңістің 73 жылдық мерекесінде қарағандылық қарт майдангерлерге ерекше құрмет көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеңістің 73 жылдық мерекесінде қарағандылық қарт майдангерлерге ерекше құрмет көрсетілді

10.05.2018

Олардың саны күн өткен сайын сиреп барады. Жалпы, облыс бойынша 135 ардагер ғана саналады. Мерекеге орай қаладағы «Мәңгілік алау» маңында арнайы митинг өткізіліп, ары қарай жылдағы дәстүр бойынша салтанатты шара «Жеңіс саябағында» жалғасын тапты.

Биыл да  митингке жиналған халықтың қарасы қалың. Қаланың солтүстік аумағынан шерумен келген «Мәңгілік полк» алау алаңына дейін жүріп өтті. Сұрапыл соғыс жылдары 45 мың қарағандылық  майдан даласына аттанған. Соның 18 мыңы елге оралған жоқ. 6,5 мыңы түрлі дәрежедегі орден-медальдармен марапатталды.  Нүркен Әбдіров, Мартбек Мамыраев сынды 18 қарағандылыққа Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

- Барша ардагерлерге бүгінгі ұрпақ атынан басымды иіп, Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ардагерлерге лайықты құрмет көрсету, қамқорлық жасау, ерлігін есте ұстау біздің де, келер ұрпақтың да басты парызы.

Елдің ертеңі үшін толарсақтан саз кешіп, кеуделерін оққа тосқан жауынгерлеріміздің ерен ерліктерін дәріптеп, құрмет көрсету - бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Қарағандылық Бүркіт Есжанов та өрімдей жасында қолына қару алып, елін қорғауға аттанғандардың бірі. Ардагер де бүгін алаңға шықты.

Бүркіт Есжанов, соғыс ардагері:

- Қаншама қан төгіліп, бостандықты сақтап қалды. Жеңіс күнін ардақтау керек.

Бұл күні қалада  ретро-автомобильдердің шеруі де болды. Ең көнесі деген 1947 жылғы көліктер қала көшелерімен жүріп өтіп, «Жеңіс саябағына» дейін барды. Мұнда өнер ұжымдары концерт қойды. Әскери бөлімдер болса, техника мен қару-жарақтар көрмесін ұйымдастырды. Мерекелік шара соңы отшашумен аяқталды. 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу