Терең білімді, қырағы мінезді батырлар тәрбиелеу - еліміздің болашағы үшін маңызды. Осыған байланысты 2011 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Білім беру қоры аясында» Алматы облысы, Талғар ауданында «Арыстан» мамандандырылған лицейі ашылған еді. Қазір аталған лицей жетінші жыл қатарынан болашақта әскери маман болғысы келетін жасөспірімдерді тәрбиелеп келеді.
«Арыстан» лицейі арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастарды тәрбиелейтін еліміздегі бірден-бір оқу орны. Озық үлгідегі құралдармен жабдықталған білім ордасы физика, математика, информатика, ағылшын тілі пәндерін және әскери сабақтарды тереңдетіп оқытады.
Владимир Райхель, «Арыстан» мамандандырылған лицейі директорының орынбасары:
- Лицейдегі оқу-тәрбие процесі жоғары деңгейдегі біліммен қамтамасыз етуге, тұлғаның батылдық, төзімділік, қайсарлық қасиеттерін дамытуға бағытталған. Сондықтан, барлық сабақ оқушыларды жоғары мәдениетке баулуға, олардың патриоттық және азаматтық парыз сезімдерін оятуға арналған.
Лицейде осы заманғы сай оқу кабинеттері, зертханалар мен дәрісханалар, ақпараттық-кітапханалық және мәдени-демалыс орталықтары бар. Сондай-ақ, еліміздің басқа мектерінде кездеспейтін «Автокөлік жүргізуді үйрететін» арнайы кабинет ашылған. Мұнда шәкірттер көлік жүргізуді үйреніп, әскери техникаларды тізгіндеуге машықтанады.
Тұрар Құдайберген, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің оқушысы:
- 1 жылда 34 сабақ болады. 34 сабақ теориялық және практикалық болып бөлінеді.
Жастардың толыққанды физикалық дамуы үшін көпфункционалды спорт залы мен арнайы жүзу бассейні де ашылған. Сондай-ақ, күреспен, бокспен айналысуға арналған залдар қарастырылған. Оқушылар сабақтан бос уақытын осы спорт секцияларында өткізеді.
Мадияр Мажитов, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің оқушысы:
- Осы лицейге түскенімді өмірімдегі ең бақытты сәттерімнің бірі деп есептеймін. Өйткені, мен бұл лицейде көп нәрсені үйрендім. «Арыстан» лицейі адамды өзінің рухын көтеріп, адамды әлемге ашық көзбен қарауға және де лидерлік қасиеттерді дамытуға көмектесті.
«Арыстан» лицейінің ашылғанына биыл 7 жыл. Бірақ, аз уақыттың ішінде оқу орны болашақта әскери адам болғысы келетін жастардың арманына айналды. Өйткені, осында оқыған жастардың алды қазір еліміздің Қарулы күштерінің қатарында абыройлы қызмет етіп, көбісі шет елдерде білімін шыңдап жатыр.
Амангелді СЕЙІТХАН