Ресейде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан қазақ сарбазының сүйегі табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан қазақ сарбазының сүйегі табылды

07.05.2018

Ресейдің Ленинград облысының Киров ауданынан Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан қазақ сарбазының сүйегі табылды. Ақмола облысы Гаршино ауылының тумасы Абдулқасым Жаманбаев 76 жылдан бері із-түзсіз жоғалғандардың қатарында болған. Жауынгердің жатқан жерін ресейлік «Примирение» іздеу жасағы анықтады. Абдулқасым Жаманбаевтың туыстары да табылып, оның туған немересі атасының сүйегін елге алып қайтты. Бұл іске Қазақстанның Санкт-Петербургтегі Бас консулдығы мен Ақмола облысының әкімдігі мұрындық болып, жан-жақты көмек көрсетті.

Бұл жер Ленинград облысындағы Гайтолово ауылының іргесі. Дәл осы маңда, яғни, Синявин биіктігінде соғыс жылдарында кескілескен шайқас жүріп, мыңдаған сарбаз қайтыс болған. Сондықтан, іздеушілер дәл осы маңнан жыл сайын көптеген сарбаздардың денелерін табады. Мәселен, «Примерение» іздеу тобы биыл да, сәуір айында жұмысқа кірісіп, тура осы маңнан қазақстандық сарбаздың денесін қазып шығарды.

«Примерение» жасағы бұл жұмыспен 15 жылдан бері айналысып келеді. Осы уақытқа дейін олар 100-ге тарта жауынгердің денесін тапса, соның ішінде шамамен 10 адамның ғана кім екені белгілі болды. Ал, жерлесіміз Абдулқасым Жаманбаев, аты-жөні, туған жері анықталып, сүйегі елге қайтып бара жатқан тұңғыш қазақ сарбазы.

Сергей Барсуков, «Примирение» іздеу жасағы командирінің орынбасары:

- Біз осы жерде бірнеше жылдан бері жұмыс істеп жүрміз. Биыл, міне, бәріміздің жолымыз болып қазақстандық сарбаздың сүйегін таптық. Оның жанында тамақ ішетін ыдыстары, ас қасығы, 1 тиын және медальоны болды. Сол медальонда жауынгердің аты-жөні жазылған екен. Мәліметтер базасы арқылы қарап, оның Ақмола облысынан шақырылғанын анықтадық. Сосын әлеуметтік желіге хабарландыру беріп, туыстарын іздедік.

Абырой болғанда марқұмның туыстары да тез арада табылды. Атасы жайлы қуанышты хабарды естіген соң Қанат Жаманбаев Көкшетаудан алып-ұшып Ленинград облысына келді.

Абдулқасым Жаманбаев 1941 жылы Ақмола облысының Гаршино ауылынан майданға аттанады. Алайда, небәрі бір жыл өткен соң хат-хабарсыз жоғалады. Содан бері, міне, бақандай 76 жыл өтті. Оның артынан қалған жалғыз тұяғы Қайдар Жаманбаев әкесін өмір бойы іздеп өткен.

Қанат Жаманбаев, Абдулқасым Жаманбаевтың немересі:

- Атамыздың қай жақта жүргенін, қайда жатқанын білмедік. Қазіргі заманда бәрі бар, өзім де компьютерде отырамын. Атамды тапқаныма ризамын. Енді атамыздың сүйегі елге жетеді, аруағы тыныш болады.

Ленинград жері қазақ жауынгерлерінің ерлігін жақсы біледі әрі құрмет тұтады. Синявин биіктігінің өзінде батыр бабаларымызға арналған екі бірдей ескерткіш тұр. Өкініштісі, олардың көпшілігіне туған жерден топырақ бұйырмады. Ал, Абдулқасым Жаманбаевтың денесі енді елге жеткізіліп, 9 мамыр күні Көкшетау қаласына жерленеді. Марқұмның немересі атасының жеке заттарын жергілікті мұражайға тапсырғалы отыр.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу