Отарда өтетін «Жауынгерлік шеруге» дайындық қызу жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отарда өтетін «Жауынгерлік шеруге» дайындық қызу жүріп жатыр

02.05.2018

Отан қорғаушылар күнінде Отарда өтетін «Жауынгерлік шеруге» дайындық қызу жүріп жатыр. 3000-нан астам жауынгер, 300-ден астам техника 30-дан аса ұшу аппараты жұмылдырылған мұндай шеру егемен еліміздің тарихында екінші рет өтпек. Қарулы күштерімізде борышын өтеп жүрген сарбаздар мен сардарлардың қауқарын бағамдайтын бұл шерудің бұрынғыдан айырмашылығы көп.

Мәселен, осы жолы барлаушылар мен арнайы құрамдардың қарым-қабілеті нақты соғыс қимылында заңсыз әскери топтардың базасын басып алу сәті арқылы көрсетіледі. Бірінші рет территориялық қорғау бригадаларына әскери тулар тапсырылады. Әскери авиацияның жаңарған С-295 транспорттық ұшағы мен СУ-30 көпбағытты истребительдері де жоғары ұшу шеберліктерін көрсетеді.

Бұдан басқа, МИ-17 тікұшағы, америкалық көпбағытты Huey тікұшағы, Е-145 еурокоптері, ракеталық соққы беретін МИ-35 ұшақтары сыналады. Ең бастысы, Қазақстан армиясының әскери техникалары мен Қарулы күштерінің іс-әрекеттерін көрермендер тамашалайды. 

Ерасыл Жәнібек, Құрлық әскери институтының курсанты:

- Дайындық өте жоғарғы дәрежеде өтіп жатыр. 7 мамыр күні көре жатарсыздар. ҚР Қарулы күштерінің қандай мықты екендігін көрсететін боламыз. Біздің әскер осы Тәуелсіздік жылдары нағыз мықты армияға айналды.

 

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу