Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар өздері бастамашы болған «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Ол сұйытылған мұнай-газ тапшылығын болдырмауға бағытталып отыр. Жаңа құжатқа сәйкес, электронды сауда алаңдары біртіндеп, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап 10-20 пайызға, содан кейін екі жылдың ішінде, яғни, 2019-2021 жылдары барлық аймақтарға енгізіледі. Яғни, электронды сауда алаңдарымен толықтай қамтылады. Сонымен қатар, бүгін пленарлық отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға түзетулер енгізуге қатысты Конституциялық заң жобасын жұмысқа алды. Құжат жаңа институттарды енгізу, құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды жою арқылы сайлау заңнамасын жетілдіруге бағытталған. Конституциялық заңға ұсынылып отырған түзетулер барынша ашық әрі демократиялық сайлау процесін қамтамасыз етуге ықпал етпек.
Индира БЕГАЙДАР