Көк аспаны мөлдіреп тұрған, кең даласында бейбітшілік салтанат құрған қазақ жерінде өсіп-өнген ұлттың бірі – дүнгендер. Бұл этнос өкілдерінің Қазақстанға қоныстанғанына биыл 140 жыл. Содан бері қазақтың кең шаңырағының астында тату-тәтті тұрып келеді. Бірлік мерекесі қарсаңында Жамбыл облысындағы меншікті тілшіміз дүңген отбасының тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
19-ғасырдың соңына қарай Қытай жеріндегі дүнгендер қуғынға ұшырап, туған жері мен үй-жайын тастап, үдере көшті. Барынан айырылып, басына қатер төнген ұлтқа қазақтар көмегін аямады. Көрші отырғызып, бір үзім нанды бөліп жеді. Сол қиындықты көзбен көргендердің кейінгі ұрпағы жергілікті халықтың қамқорлығын ешқашан ұмытпайды.
Рулан Бакиров, Дүнген этномәдени орталығының жетекшісі:
- Дүнгендер ұзаққа созылған соғыстың кесірінен Тянь-Шань асып көшті. Мұнда миллионнан астам дүнгеннің 1,2 пайызы ғана жетті. Қазақ елінің қонақжайлығына шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Біз тарихты ешқашан ұмытпаймыз.
Ыдырыс Юнусов тағдырдың жазуымен Әулиеата жеріне табан тіреген дүнгендердің ұрпағы. Осында туды, өсіп-өнді. 7 ұл-қыз өсіріп, 29 немере сүйді. Түрлі ұлтпен көрші тұрып, татулықты ту етті, ұрпағына да соны үйретті.
Ыдырыс Юнусов, Жалпақтөбе ауылының тұрғыны:
- Қазақ, орыс, корей демей, барлығын бірге істейміз. Наурыз болса, бірге өткіземіз, той болса бір-бірімізді үйімізге шақырамыз. Бөлектеу жоқ. Қай жерде болса да, өзі жақсы болса, ел жақсы болады.
Дүнгендер Жамбыл жеріне келгелі 1,5 ғасыр өтсе де, тарихы мен салтын ұмытқан жоқ. Әр отбасында дүнген дәстүрі сақталады. Ұлттық тағам үнемі дайындалады. Мереке бола қалса, ұлттық киімдері де әрқашан әзір.
Қасиет Ыдырысқызы:
- Ер адамдар осындай ашық көк немесе қара түсті киім киеді. Қыздардың киіміне жылтыр қосамыз, ашық қызыл түсті болады. Көйлектер осындай оюлармен өрнектеледі.
Балалары қазақ мектебінде, дүнген ақыны Ву Сан мен қазақтың ақиығы Мұқағали өлеңдерін қатар жаттап жүр.
Бүгінде дүнген халқы өзге ұлт деп өзекке теппей, құшағына басқан қазақ еліндегі бейбіт өмірге дән риза.
Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ