Алматы халқы ынтымақ пен бірлік мерекесін ерекше атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы халқы ынтымақ пен бірлік мерекесін ерекше атап өтті

01.05.2018

Алатау баурайында орналасқан Алматы халқы да ынтымақ пен бірлік мерекесін ерекше атап өтті. Мейрам ару қаланың әр ауданында ауқымды тойланды. Шаһардың бірнеше жерінде этномәдени бірлестіктер көрмесі ұйымдастырылып, салтанаттың сәнін кіргізді. Алып шаһар тұрғындарына өнерпаздар концерт қойып, ән шырқалып, би биленді.

Алып шаһардың барлық алаңы мен саябағында жүздері жайнап, сәбиі ойнап, мерекені тойлап жүрген халық өте көп. Дәл қазір біз Абай алаңында тұрмыз. Ерекше концерттің куәгері болудамыз. Ал, бұл мерекелік шара бүгін түнге дейін жалғасады.

Бүгінгі мерекелік көңіл-күйдің орнауына жаймашуақ ауа райы да керемет әсер берді. Сондықтан, алматылықтар берекелі мереке күнінде бірін-бірі құттықтап, мәз-мейрам.

Алтынай Жиенбаева, қала тұрғыны:

- Әрқашан күліп тұрсын көгімде күн,

  Ешқашан жоламасын көңілге мұң,

  Мықты болсын мызғымас бірлігіміз

  Күллі әлем мойындасын қазағымды

  Қызыға да, қызғана да қарай берсін!

Қала тұрғындары мен қонақтары үшін белгілі өнерпаздар мен түрлі этномәдени бірлестіктің өкілдері концерт ұйымдастырды. Сондай-ақ, диаспора мүшелері ұлттық бұйымдарын көрмеге қойып, көпшілік назарына ұсынды.

Руслан Мамыров, Қырғыз этномәдени бірлестігінің өкілі:

- Ынтымағымыз бекем болсын.

Мың жылдан бері түрлі мәдениет, дін, тіл өзара үндескен Алматыдағы мерекеге барлық диаспораның өкілдері бір кісідей атсалысты. Себебі, қазақ халқы өзім деген өзге ұлттарды өзекке теппей, бүгінде тату-тәтті өмір сүріп жатыр. «Бұл жүздеген этносты бір шаңырақтың астына ұйыстырған қазақ халқының ақ ниеті», - дейді жиналғандар.

Андрей Эзау, неміс этномәдени бірлестігінің өкілі:

- Құрметті алматылықтар мен Қазақстан азаматтары! Бүгінгі айрықша да жарқын мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Елімізде тек жақсылық пен береке-бірлік болсын!

Алматыда қазір 20-дан астам түрлі этнос өкілдері мекендейді. Ал, олардың тең атаның ұлындай көріп, бөле-жармай ұстаған қазақ халқына алғыстан басқа айтары жоқ.

Равиль Гузаиров, Татар-Башқұрт қоғамдық және мәдени орталығының өкілі:

- Татар халқы атынан барлығыңызды құттықтаймын. Бақыт пен денсаулық тілеймін!

Мың бояулы қаладағы дүбірлі той тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мұндай мерекелік бағдарлама қаланың өзге де аудандарында жалғасты.

 

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу