1 мамыр мерекесіне орай Ресейде кең ауқымды шара өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 мамыр мерекесіне орай Ресейде кең ауқымды шара өтті

01.05.2018

Біз халқымыздың бірлігі мен ынтымағына арнаған 1 мамыр мерекесі әлемнің көптеген елдерінде түрлі атаулармен атап өтіледі. Мәселен, көршілес Ресейде де бүгін кең ауқымды шара өтті. Мәскеу қаласында мыңдаған адам жалау ұстап, ұран көтеріп, шеру өткізді. Мерекеге көппен бірге куә болған Ресейдегі меншікті тілшіміз Нұртас Солтанұлы тікелей байланысқа шықты.

1 мамыр Ресейде жылда тойланады. Жалпы, бұл мерекенің бұрынғы Кеңес Одағы кезінде өтетін шерулерден көп айырмашылығы жоқ. Тек, Ресейде бұл күн 1992 жылдан бері ресми түрде  – «Көктем және еңбек мерекесі» деп аталып келеді. Бүгін бүкіл Ресей бойынша 170 қалада шеру өтіп, 2,5 миллион адам көшеге шықты.

Ең үлкен шара әдеттегідей Мәскеу қаласында ұйымдастырылды. Оған 120 мың адам қатысты. Жиналғандар түрлі ұран жазылған плакаттар ұстап,  Қызыл алаңнан сап түзеп өтті. Шеруді Мәскеулік кәсіподақтар федерациясы өткізді. Демонстрацияға жиналғандар еңбек құқығының сақталуын, лайықты жалақының төленуін айтты. Алайда бұл нақты бір мәселені табандап тұрып талап ететін шеру емес, жылдағы әдет бойынша жұмысшылардың жағдайын биліктің есіне бір салып қоятын мерекелік сипаты басым акция.

Валентина Пытелева, шеруге қатысушы:

- Қай салада жұмыс істесек те, бастысы жалақымызды көтерсе екен, жұмыс орындары болса екен дейміз. Оқу орындарын бітірген жас кадрлар бос жүрмеуі керек. Бұл бағытта кәсіподақ жұмыс істеуі тиіс.

Виктор Анцигин, шеруге қатысушы:

- Бұрын, 1 мамыр біз үшін де халықтар бірлігі күні болатын. Сондықтан, түрлі ұлттармен ғана емес, басқа елдермен де достығымыз арта берсін. Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасымыз келешекте те нығая береді деп ойлаймын.

Кәсіподақтар федерациясынан бөлек, бүгін Ресейдегі либералдар мен коммунистер сынды бірқатар саяси күштер де, электорат алдында ұпай жинап, жекелеген шерулер өткізді. Бұдан бөлек, қаладағы саябақтарда мерекелік концерт, көрме, түрлі жәрмеңкелер өтті.   

1 мамыр мерекесінің құрметіне биыл ресейліктер 4 күн қатарынан демалады. Оның үстіне кешелі бері Мәскеуде күн жылынды.Сондықтан, қазір шеру аяқталса да, қаланың көрікті жерлерін аралап, қыдырып жүрген жұрттың қарасы әлі де көп.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу