Қазақстан халқының бірлігі күнінде өткізілген шара қалалық Мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Флешмобқа ақын Мұхтар Ниязов, Серікзат Дүйсенғазин мен Мейірбек Сұлтанхан да қатысып, күйшілерге арнау айтты. Бұдан өзге, «NOMAD» инструментальды жобасының орындауындағы композициялар көрерменнің көңілінен шықты. Қонақтар Құрманғазының «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын» күйлерін тыңдап, домбырашылардың өнеріне тәнті болып, ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, домбыра флешмобына қатысқан өнерпаздардың ең үлкені - 74, екі кішісі - 10 жаста. Ұйымдастырушалар «биыл 20 жылдығын атап өтетін Астана күнінде де осындай ашық аспан астында мереке сыйлаймыз», - деп отыр.
Рысдәулет Бегожин, өнерпаз:
- Еуразия Ұлттық университетінде «Дала сазы» атты оркестр бар. Соның мүшесімін. Бүгінгі іс-шараға шақырту келгеннен кейін балалармен келдік. Домбырашылармен бірге «Сарыарқаны» бір мезетте ойнау өте үлкен мәртебе. Үлкен талант керек оған.
Полатбек Жоланов, қала тұрғыны:
- Бәрі керемет. Ойын-сауық, іс-шаралар өтіп жатыр. Адамдардың көңіл-күйі қандай керемет. Оның үстіне ауа райы қандай керемет болып тұр. Сол себепті, ел әрқашан ынтымақта болсын. Әр уақытта бірігіп, сыйласып, бір-бірін қадірлеп жүретін болса, біздің мемлекетіміз өте бай болады.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ