20 жылда 800 баланы бауырына басқан ана - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

20 жылда 800 баланы бауырына басқан ана

01.05.2018

Қазақта «үлкен жүректі» деген жақсы сөз бар. Мұндай асыл қасиетті бойына дарытқан Тұяқ Қазкенқызын күллі жұрт біледі. 20 жыл бұрын жеке баспанасын сатып, балалар үйінің қазығын қаққан ардақты ана осы аралықта 800-ге жуық жетімді бауырына басып, бағып қақты. Бүгінде сол ұл-қыздарының көбісі отбасын құрып, өз алдына отау тікті. Сондықтан, еліміздегі немересі ең көп әже атанды. Ал, қазір қайырымды ана Алматы облысының Талғар ауданындағы «Нұр» қайырымдылық үйінде 54 баланы тәрбиелеп жатыр. Жүрегі шуаққа толы жан берекелі шаңырағына түрлі этнос өкілдерінің балаларын сыйдырып, ерекше мейіріміне бөлеп отыр.

Бүгінде жасы 75-ті алқымдаған Тұяқ апамыз қол астында қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай елу төрт баланы тәрбиелеп, өсіріп отыр. Балалардың ең кішісі екі жаста, ал, қалғаны одан жоғары. Ең бастысы, бұл «Нұр» қайырымдылық үйі Үкіметтен ешқандай да қаржылық көмек алмайды. Ал, балалардың көңіл-күйі өте жайдары.

Қазақ тілінде еркін сөйлейтін 11 жастағы Наталья төрт жасынан бері «Нұр» балалар үйінде тұрады. Себебі, оны анасы туа сала тастап кеткен. Кейіннен өзге жұп асырап алып, балаға күн көрсетпеген. Осыдан кейін ол Тұяқ апаның шаңырағына келіп, шапағатына бөленді. Мейірімді жаннан ерекше жылулық көрген қыздың жақсылыққа жақсылық жасап, қайырымдылықпен айналысу - арманы.

Наталья Гурина, тәрбиеленуші:

- Үлкейген кезде жұмыс істеп, ақша тауып, осы балалар үйіне көмектескім келеді.

Бұл балалар үйінде Наталья сияқты өзге этнос өкілдерінің балалары да тәрбиеленіп жатыр. Қайырымды ана олардың әрқайсысын аялы алақанға зар болып жүрген кезде қанатының астына алып, өз баласындай мәпелеп өсіріп келеді.

Жақсылық Қазақ, тәрбиеленуші:

- Мен бірінші сыныпты беске оқып шықтым. Мұнда маған қатты ұнайды. Іні-қарындастарым бар.

Қайырымдылық үйі берекеге толы. Достық пен ауызбіршілік бар. Балалар бір-бірімен тату, туған бауырлардай өмір сүріп жатыр. Олар әр мереке күнін ерекше атап өтуді дәстүрге айналдырған.

Райхан Қайысбекова, «Нұр» қайырымдылық балалар үйінің тәрбиешісі:

- Бұл жерде әр ұлттың балалары бар. Қыздардан бір ұйғыр қыз, бір орыс қыз бар. Қыздарымыздың тәрбиесі жақсы. Үйдің жұмыстарын істеудің бәрін біледі. Сабақтарын жақсы оқиды.

Бүгінде балалардың ардақты анасы жетпістің бесеуіне келсе де, әлі тың. Оған туған үш баласы әрдайым қолғабыс етеді.  

Тұяқ Есқожина, «Нұр» қайырымдылық балалар үйінің директоры:

- Үйімізді сатып, балалар үйін аштық. Алла өзі қолдайды. Бірінші-Алла, екінші- халқым осылай мені жарық дүниеге жеткізіп жатыр. Сондықтан, ашқаныма өкінбеймін. Жеті жүз бала тәрбиелеп шығардым. Жеті жүз баланың үш жүз елуі жоғары білімді. Қалғаны колледж бітірді.

Тұяқ апаның орталықты ашқанына да биыл 20 жыл толады. Үлкен жүректі анаға осы жылдар ішінде көбінесе жомарт жандар қол ұшын созып, көмек көрсетіп келеді.

 

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу