Қазақ тілін дәріптеп жүрген орыс қызы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ тілін дәріптеп жүрген орыс қызы

01.05.2018

Қазақ тілін дәріптеп жүрген орыс қызы. Ұстаздыққа 35 жылын арнаған атыраулық мұғалім Татьяна Любина орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Өзге ұлт өкілдеріне қазақтың құнарлы да қазыналы бай тілі мен мол әдеби мұрасын үйретуден жалықпаған ұстазбен әріптесім Жандос Темірғалиев сұхбаттасып келді.

Татьяна Любинаны шәкірттері өте  жақсы көреді. Балаларға бар білген-түйгенін үйретіп, еңбегімен үлгі болған ұлағатты ұстаздың айтқанын екі етпеуге тырысады. Сондықтан болар, оқушылардың қазақ тілі мен әдебиетін меңгеруге деген құлшыныстары да ерек.  

Татьяна Любина, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Мектебімізде көп ұлттың өкілдері оқиды. Орыс, беларусь, украин, лезгин, татар, әр ұлттың өкілдері бар. 30 жылдан астам қазақ тілінен сабақ беріп жүрмін. Сондықтан, қазақ тілін менің туған тілім деп санаймын.

Оқушылары түрлі білім додаларында топ жарып үздік атанып жүр. Ұстазының мерейін асқақтатып, мәртебесін асырған шәкірттің бірі украин қызы - Мария Крутько.

Мария Крутько, Атырау қалалық №3 мектеп-гимназиясының оқушысы:

- Осындай білікті, тәжірибелі маманнан дәріс алғанымды мақтан тұтамын. Мемлекеттік тілді меңгеруім аяулы ұстаздарымның арқасы.

Қарапайым қазақ ауылында дүниеге келген Татьяна Нестерқызы, көпбалалы жанұяда тәрбиеленген. Бүгінде көпұлтты отбасының отанасы. Отағасы-қазақ, күйеу баласы корей ұлтының өкілі. Бірақ, барлығы үйде қазақша сөйлейді.   

Татьяна Любина, Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Барлық ағаларым, інілерім, қазақ тілінде сөйлей алады. Қазақ халқының салт-дәстүрін біледі.

Қазақ тілін өз тіліндей көріп, өзгелерге үйретуден жалықпаған Татьяна Любина мұғалімдікті күнделікті жұмысы ғана емес, жауапты міндеті санайды. Сондықтан да, үнемі ізденіс үстінде. Бір сәтке де ұстаздықтан қол үзбек емес.   

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

Хабарламаларға жазылу