Алматы облысында жекеменшік балабақшалардың саны артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында жекеменшік балабақшалардың саны артып келеді

27.04.2018

Қазір өңірде 600-ден астам бөбекжай болса, соның 70 пайызы жекенікі. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде мектепке дейінгі білім беру орындарын ашқан кәсіпкерлердің табысы еселене бастады. Себебі, Үкімет жеңілдетілген несие беріп, тәрбиеші жалақысы мен балалардың тамақтануын қаржыландырып отыр. Ал, кәсіпкер ата-аналар мен балаларға қолайлы жағдай туғызуда.

Шонжылық кәсіпкер Назгүл Жамиева алғашқы болып жекеменшік балабақша ашқандардың бірі. Бастапқыда 25 бала келді. Қазір бөбектердің саны 50-ге жетті, тағы бір топ қосты. 20 адам еңбек етеді. Балабақшада хореограф бар, биылдан бастап ағылшын тілінің маманы да келді.

Назгүл Жамиева, кәсіпкер:

- Төмен пайызбен несие алдық. Сонымен, жұмыс істеп, одан әрі қарай өзіміздің табысты осы балабақшаға қайтадан инвестициялап, инфрақұрылымдарын қалпына келтіріп, жұмысымызды жалғастырып жатырмыз.

Жалпы, Ұйғыр ауданында балаларды мектепке дейінгі мекемемен қамту деңгейі 98 пайыз. 27 балабақша бар. Ал, осыдан 10 жыл бұрын ауданда тек бір ғана балабақша болған. Жекеменшік бөбекжайлар есебінен бір кездері мектеп ішінде ашылған шағын орталықтар жабыла бастады. Бұл білім беру процесіне үлкен жеңілдік.

Әділжан Аширов, Ұйғыр аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Жалпы, аудан бойынша 21 шағын орталық жұмыс істейтін еді. Сол шағын орталықтарды жауып, мектептен бөліп шығару мақсатымыз бар. Сондықтан, қазір соған жұмыс істеп жатырмыз. Келешекте мектептердегі шағын орталықтың бәрін жауып тек қана мектепте білім берумен ғана айналысады.

Ал, қаңтар айынан бастап мемлекет жекеменшік балабақшаларға қаржыны бала санына қарай бөле бастады. Бұл - осы салада жүрген кәсіпкерлердің сапа үшін өзара бәсекелесуіне себепші болды.

Әсел Жарқынбекова, кәсіпкер:

- 35 балаға жекеменшік балабақша ашқанбыз. Енді оны болашақта үлкейту мақсатында қосымша несие алып, 100 балаға ашсақ па деген жоспарымыз бар.

Қазір Алматы облысында мектепке дейінгі білім беруді қамту деңгейі 96 пайыз. Жыл соңына дейін тағы 20-ға жуық балабақша ашу жоспарда бар.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу