Астанада «Азаптаусыз қоғам» халықаралық конференциясы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Азаптаусыз қоғам» халықаралық конференциясы өтті

27.04.2018

«Азаптаусыз қоғам». Бүгін елордада осындай атпен халықаралық конференция ұйымдастырылды.   Еуропалық одақтың қолдауымен еліміздің Бас прокуратурасы ұйымдастырған жиында  азапталушылардың құқығы, бұл қылмыстың алдын алу және тергеу жүргізу мәселелері сөз болды. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Бас прокуратура былтыр қолға алған «Азаптаусыз қоғам» жобасы осы күнге дейін айтарлықтай нәтиже берген.

Қылмыс саны қысқарып, азаматтардан келіп түсетін шағым көлемі азайған. Құқық қорғау органдары тарапынан да тергеу барысында көрсетілетін заңсыз әрекеттер төмендеді. Өйткені, жоба аясында тергеу кабинеттеріне өзгелер бақылап тұратын әйнектен жасалған қабырғалар орнатылып жатыр. Яғни, тергеу ашық түрде жүргізіле бастады. Жиында заңды ізгілендіру бағытында халықаралық тәжірибені қолдану мәселесі де қарастырылды.

Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

- Қазақстанда мықты заңнамалық база бар. Өкінішке қарай, оның атқарылуында аз-кем кемшіліктер кетіп жатады. Бұл біздің жылдар бойы атқарған жұмысымызға кір келтіреді. Сондықтан, жиында бәрін ашық түрде айтып, нақты жоспарды бекіту қажет. Біз құқық қорғау саласын электронды форматқа көшірдік. Қазір істің бәрі компьютермен жүргізіледі. Заңды ешкім аттап өте алмайды. Міне, осындай іспеттес жұмыстарды дамыта түсу маңызды.

 

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу