Батыс өңірдегі киік саны 30 мыңға артуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс өңірдегі киік саны 30 мыңға артуы мүмкін

27.04.2018

Биыл Батыс өңірдегі киік саны жылдағынан 30 мыңға артуы мүмкін. Былтыр бұл көрсеткіш 100 мыңға жуықтаған. Алайда, мүйізіне қызығып, жүздеген бөкенді атып алудан тайынбайтын қаскөйлер де көбеймесе, азаймай отыр. Соңғы үш жылда мұндай қылмыс саны 2 есеге артқан. Сондықтан, ен даланың еркелерін қорғау, оларға санақ жүргізу маңызды. Осы орайда, мамандар сайын даланың сәні саналатын жануарларды әуеден бақылап, олардың мекен еткен орындарын анықтауда.

Біз солтүстік-батыс бағытты бетке алып ұшып келеміз. Бұл мекен Қазталов пен Жәнібек аудандарының шендескен тұсы. Шегі мен шеті жоқ сайын дала. Үйір-үйір ақбөкендер дәл осы аумақты мекен етеді.

Мамандар жылына бір рет дәл осылай ақбөкендерді әуеден барлайды. Арнайы фотосуреттер арқылы киіктердің жасы мен жынысы анықталады. Биыл санақ жүргізуге 50 сағат бөлінген. Орал популяциясы ақбөкендер санының көптігімен ерекшеленеді. Тек осы өңірдегі киік саны өткен жылы 100 мыңға жуықтаған. Мамандар биыл олардың қатары 30 мыңға артуы мүмкін деп топшылап отыр.

Зәкәрия Тұралиев, БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

- Көктем айларында ақбөкендердің табыны осы аумақты мекендейді. Сондықтан, дәл осы кезеңде киік басын санау ыңғайлы. Өсім байқалады. Нақты нәтиже 2 айдан кейін белгілі болады.

Жезкиіктердің көші-қонымен көбеюі спутниктік жүйе арқылы да бақыланады. Бүгінде бар-жоғы 24 дала антилопасына арнайы мойынжіп тағылған. Өйткені, Германияда жасалған мұндай құрылғы тым қымбат тұрады. Біреуінің бағасы - 2 мың евро. «Сондықтан, киіктердің барлығын қамту мүмкін болмай тұр», - дейді мамандар. Сайын дала серкелеріне қаскөйлерден төнген қауіп тыйылар емес. Былтыр облыс аумағында браконьерлерге қатысты 44 қылмыстық іс қозғалса,  биылғы жылдың 3 айының өзінде заңсыз киік аулаудың 23 дерегі тіркелген.

Арман Ізімғалиев, БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының жетекші маманы:

- Қазіргі таңда 2 қылмыстық іс сотқа жолданып, 4 адам 1 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Браконьерлер түнде де, күндіз де шыға береді. Осыған байланысты  аумақтық инспекция, «Охотзоопром» мамандары 24 сағат қорғау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ақбөкендердің жауы аз емес. Киіктердің қырылуына экологияның да әсері бар. Мұны ескерген мамандар енді экологтармен бірлесе жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізбек.

 

Назерке ТОҚЖАН

Хабарламаларға жазылу