Жалған IELTS сертификаттары үшін оқудан шығарылған студенттер енді еліміздің ешбір медициналық университетінде тегін білім ала алмайды.
Тек ақылы түрде оқуларын жалғастыра алады. Бұл туралы «Астана» медицина университетінің ректоры Мәжит Шайдаров мәлімдеді. Заңды бұзып, жалған құжат ұсынған 117 студенттің барлығы мемлекеттік грантта оқыған болатын. Магистратура, резидентура, докторантурада білім алып жүргендердің кейбірі - медициналық мекемелерде жұмыс істеп жүрген мамандар. Құзырлы органдардың тексерісі бітіп, сот шешімі шыққан соң университет олардың тізімін жариялауға уәде етті.
Сондай-ақ, осы оқиғадан кейін жалған құжаттарды қабылдағаны үшін жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім факультетінінің деканымен келісімшарт бұзылып, оның орынбасары мен бас маман өз еркімен жұмыстан шыққан екен. Келешекте де осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін «Астана» медицина университеті Білім және ғылым министрлігіне сертификаттардың түпнұсқалығын өздері де тексере алу үшін ережелерге өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. Айта кетерлігі, Білім және ғылым министрлігі бұл жанжалдан кейін жоғарғы оқу орнының лицензиясын 6 айға дейін уақытша тоқтатып отыр.
Ернар Тұрсынбет, Жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім факультетінің деканы:
- Екі тексеруден кейін Білім және ғылым министрлігі, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті атынан нұсқама беріліп, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылған болатын. Сонда лицензияға қатысты сұрақ бар. Егер де университет өзіне жүктелген нұсқаманы толықтай орындамаса, министрлік тарапынан лицензияны қайтарып алу туралы сұрақ қойылады.
Альбина ӘШІМ