Елімізде жыл басынан бері 317 адам өндірістік жарақат алған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жыл басынан бері 317 адам өндірістік жарақат алған

26.04.2018

Елімізде жыл басынан бері 317 адам өндірістік жарақат алса, 46 жұмысшы көз жұмған. Бұл туралы бүгін «Еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі жөніндегі «KIOSH-2018» VIІІ халықаралық көрмесі кезінде мәлім болды. Салаға жауаптылардың айтуынша, қазірде еліміздегі әрбір екінші қызметкер жұмыс орнында аса шулы жағдайда еңбек етеді. Ал, әрбір үшінші еңбеккер газ бен шаң мөлшерінің белгіленген нормадан көп жағдайына тап болады. Екі күн бойы өтетін көрмеден өндіріс орындарында апатты жағдайлар мен жарақат алуды азайту бағытындағы арнайы құралдар мен техникаларды тамашалауға болады. Сонымен қатар, қоршаған орта мен қоғамға тиер зиянды азайтып, кәсіптік аурулардың алдын алу және еңбек өнімділігін арттыруға қатысты отандық және шетелден келген мамандармен тәжірибе алмасып, кеңесуге мүмкіндік жасалған.

Нұржан Әлтаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Жұмыс орнында болып жатқан өндірістік жарақаттар жыл сайын азайып келе жатыр. Шамамен 15-20 пайызға. Бірақ, мұнымен тоқтап қалмай, әрі қарай жұмыс істеуіміз керек. Қазір цифрландыру жүріп жатыр. Оның жақсы тұсы, компьютер арқылы жарақатты болдырмаудың бағдарлмасын жасауға болады. Соны талқылау үшін жиналып отырмыз.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу