Алдағы он жылда еліміз шет елдерден 1 миллион бас ірі қара мал сатып алмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алдағы он жылда еліміз шет елдерден 1 миллион бас ірі қара мал сатып алмақ

24.04.2018

Алдағы он жылда еліміз шет елдерден 1 миллион бас  асыл тұқымды ірі қара мал сатып алмақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов айтты. Бүгін Үкімет отырысында етті мал шаруашылығын дамыту стратегиясының жобасы мақұлданды. 

Бұл бағдарлама іске асса, мал шаруашылығымен айналысатына 80 мың  ферма құрылады. Сондай-ақ, аталған бағдарлама бойынша оны жыл бойы жылына 100 мың бас ірі қара мал импорттау көзделген.  Шетелдік ірі қара малды елге осы салада тәжірибесі бар ірі бизнес өкілдері сатып алып келеді.  Олардан асыл тұқымды малды өз кезегінде шағын фермерлер тауарлық несиеге немесе қолма-қол ақшаға сатып ала алады.

Айта кету керек, асыл тұқымды ірі қараны сатып алу бағдарламасы бұған дейін де болған. Бес жыл бұрын АҚШ пен Еуропадан 55 мың ірі қара мал ипортталған.  Олардың төлі қазір 135 мыңға жеткен.

Еркебұлан Ахметов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаментінің директоры:

- Бүгінде 7 млн. ірі қара мал болса, он жылдан кейін 15 млн-ға жеткізуіміз керек. Бұл ретте бағдарлама аясында 1 миллионға жуық мал басын шетел арқылы әкеліп, осы шаруаларға таратып, жұмыс жүргізетін боламыз.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу