Оқушылар арасында робототехникаға қызығушылық артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оқушылар арасында робототехникаға қызығушылық артып келеді

24.04.2018

Заманына қарай адамы. Қазіргі балалар бұрынғыдай күні бойы көбелек қуып, уақытын ойынмен өткізбейді. Ермегі – бөлек, арманы – ерек. Техника жасаудан көш басында жүргендермен теңессем, дейді. Тараз қаласында өткен роботтар көрмесі бұл саланың біздің елде де дамып келе жатқанын көрсетті.

Гүлнұр Қайратқызы, тілші:  

- Мына «Нейронды роботты» құрастырған «Білім-инновация» мектебінің оқушысы Қорған Нұржасаров. Робот арнайы құрылғы арқылы адам миымен байланыста басқарылады. Өнертабысын мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу үшін құрап шығыпты. Бұл роботпен кез келген жұмысты атқаруға болады.

Қорған Нұржасаров, оқушы:

- Адамдар үйде жалғыз болса да, барлық істі өздері роботпен жасай алатындай, ешқандай көмексіз өмір сүретіндей осы роботты жасап шығардым. Республикалық олимпиададан 1-орын алдым. Енді Мәскеудегі олимпиадаға дайындалып жатырмын.

Өнертапқыш өрендер елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде өтетін жарыстарға да белсене қатысып жүр. Құлтемір құрастыруға қызығушылық танытқандардың қатарында қыздар да бар. Бірнеше жылдан бері осы салаға ден қойған оқушының бірі – Камила Исмаилова.

Камила Исмаилова, оқушы:  

- Бұл роботтарды түрлі салада қолдануға болады. Кедергілерге соғылмайды. Жолды өзі табады. Тұрақтарда, жүк тасымалында пайдалануға арналған.

3 күнге жалғасатын көрме оқушылардың робот техникасы және инженерлік жүйелерді жобалау саласындағы білімі мен дағдыларын дамытуды көздейді.

Сағадат Бесімбаев, облыстық Білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесі орталығының директоры:

- Осы көрмеміз болашақта фестивальге, конкурсқа жалғасады. Келесі жылдан бастап облыс оқушыларының арасында конкурстар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.  Болашақ инженерлер өзіміздің мектебіміздің қабырғасынан шығу керек.

Робототехника тек облыс орталығымен шектелмей, аудан мектептерінде де енгізілуде. Әзірге өңірдегі 32 мектепте арнайы зертхана бар. Биыл тағы бірнеше білім ордасы осындай бөлмемен жабдықталуы тиіс. Оған 353 млн. теңге қарастырылған.

Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу