Қазақстан-Ресей арасындағы байланыс сенім мен түсіністікке негізделген – Г.Әбдіқалықова - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан-Ресей арасындағы байланыс сенім мен түсіністікке негізделген – Г.Әбдіқалықова

24.04.2018

Қазақстан мен Ресей арасында қалыптасқан жоғары қарқынды сақтау керек. Бұл туралы еліміздің Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкинмен кездесуінде айтты. Гүлшара Әбдіқалықова қазіргі кезде қос мемлекеттің байланысы сенім мен түсіністікке негізделгенін ерекше атап өтті. Бұған екі ел басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің өзара жылы қарым-қатынасы негіз болып отыр. Осы саяси диалогты одан әрі нығайту үшін экономикалық, мәдени-гуманитарлық, ғылым және білім беру салаларында ортақ жобаларды іске асыру жоспарланған. Мәселен, биылғы Астананың 20 жылдығына көрші елдің арнайы сыйлығы бар.

Сәуірдің 27-і күні Мәскеудің Максим Горький атындағы мемлекеттік академиялық драма театры елордамызды алғашқылардың бірі болып құттықтап, Ресей төрінде мерейтойға орай қойылым қоймақшы.

Алексей Бородавкин, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Қазақстанның дамуы, халықаралық деңгейде көрсетіп жүрген белсенділігі, жалпы, барлық бағыттағы Сіздердің қадамдарыңыз біз үшін де маңызды. Біз, тұтас ел Ресей Федерациясы ретінде де, осындағы елшілік те Қазақстанмен байланысымызды нығайта беруге ниеттіміз. Гуманитарлық ынтымақтастығымыз арта беру үшін де жоспарланған шараларды атқаруға дайынбыз.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу