Әлемді шарлаған велосаяхатшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемді шарлаған велосаяхатшы

23.04.2018

Белгілі қазақстандық велосаяхатшы Талғат Жұмабеков Мәскеу қаласына жетті. Жер-жиһанды 3-ші мәрте аралауға шыққан жерлесіміз, әлемнің 35 елінде болып, 35 мың шақырым жолды велосипедпен жүріп өткен. 1 жыл бойы жол үстінде аптап ыстықты да, қара суықты да көрген саяхатшы аман-есен Ресейге де жетті. Оны Мәскеудегі Абай ескерткішінің жанында қазақстандық студенттердің «Жас тұлпар» бірлестігі, Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің қызметкерлері және жергілікті қазақтар құшақ жая қарсы алды. Кездесу кезінде Талғат Жұмабеков өзінің сапары жайлы баяндап, жол бойында ұшырасқан қызықты оқиғаларымен бөлісті. Жиһанкездің айтуынша, қазір әлемнің кез келген жерінде жұрт Қазақстанды таниды және елімізге келгісі келетін туристердің саны да жылдан-жылға артып келеді. Талай ғажайып мекенді көрген саяхатшы «жұртты тамсандырған көрікті жерлерден Қазақ елінің де кенде емес екеніне көз жеткіздім», дейді.

Талғат Жұмабеков, велосаяхатшы:

- Саяхатты былтыр 30 сәуір күні Алматы қаласынан бастадым. Кейін Ресей, Беларусь арқылы жүріп өтіп, бүкіл Еуропаны араладым. Одан ары Морокко, Йордания, Түркия, Грузия, Әзірбайжан бағытымен қайтадан Ресейге келдім. Енді виза алсам, ары қарай Оңтүстік Шығыс Азия елдері мен Австралияға барсам деп отырмын. Жүрген жерімде жұрттар мені жақсы қарсы алып жатыр. Әсіресе, Германия қазақтарына ерекше алғыс айтқым келеді. Менің мақсатым - ел-жер көру және әрине, Қазақстанды әлемге таныту. Қазақ елінің жетістіктері мен туристерге арналған көрікті жерлерін жарнамалап жүрмін. Қай жерге барсам да көк туымызды бәрі таниды.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу