Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мұғалімдердің кәсіби дамуына серпін беріп, білім сапасына септігін тигізді. Бұл - «Балдәурен-Қапшағай» республикалық оқу-сауықтыру орталығында әр аймақтан жиналған ұстаздардың пікірі. Олардың сөзінше, елдің назарын ғасырлар қойнауынан жеткен құндылықтарға бұрған бастама оқушылар мен мұғалімдердің де тарихи танымын кеңейтті.
Бақытжан Алдабергенұлы Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Мәдениет ауылының мектеп-лицейінде ұстаз болып қызмет етеді. Жаңалыққа жаны құштар мұғалім «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оқушыларды тарихи орындарға апарған. Соның арқасында жеткіншектердің туған жерге деген құрметі артып, ұлы даланың қасиетті орындарын мақтаныш ете бастаған. Сол арқылы білімпаздардың патриоттық сезімі күшейген. Сондықтан, ол келешекте де осындай игі істерді дәстүрлі түрде жалғастырмақ ниетте.
Бақытжан Жүнісов, І.Қабылов атындағы №32 мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
- «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қалай іске асырамыз? Бұл бағдарламалық мақаланы мектеп жасындағы балаларға қалай түсіндіреміз, қалай ұғындырамыз? Осы жөнінде жұмыс істеп жатырмыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазақ даласындағы, тарихындағы, мәдениетіндегі үлкен бір серпіліс деп ойлаймын.
Иә, санаға серпіліс әкелген бұл бастама шалғай елді мекендердегі білім беру мекемелерінің деңгейін көтерді. Өйткені, бүгінгі заман өткеннен сабақ алып, жаңашылдыққа ұмтылатын кезең. Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылыққа сүйеніп, жаңа технологияны игерген елдер дамудың даңғыл жолына түседі. Сондықтан, Мемлекет басшысы озық отыз елдің қатарына қосылу үшін адами капиталды көтеруді балабақша мен мектептегі ұлттық тәрбиеден бастауды тапсырды.
Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі» дейді. Себебі, ұлттың сапасын көтеретін сол ұстаздар. Ал, қазір қоғамда осы мұғалімдердің мәртебесін көтеру қолға алынды. Бұл жаңалық ұстаздар қауымына да серпін беріп, рухани тынысының кеңеюуіне жол ашты. Сондықтан, олар елдің тірегі болатын оқушыларды ұлттық санада оқытуға күш жұмсамақшы. Ал, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасуы бұл мақсатты орындауға негіз болмақ.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ