Қызылорда қаласындағы дағдарыс орталығына үш айда 45 адам көмек сұрап келген. Олардың дені отбасында зорлық-зомбылық көрген. Мамандардың айтуынша, әйелдер отбасы-ошақ қасындағы кикілжіңді көбіне-көп сыртқа шығармайды. Жанжалдың жария болуын қаламайды. Бірақ, оның соңы өкінішті жағдайға әкеліп соғады.
Гүлназдың 4 баласы бар. Бұл жерге келгеніне төртінші ай. 9 жыл бойы жолдасынан зәбір көріп келген ол жағдай әбден ушыққан кезде ғана үйінен қашып шыққан.
Гүлназ:
- Пышақ тықса да, сөйлесіп жүргенмін, жақсы болады деп. Бесінші күні ішіп алған күйінде келіп, 18 жерімнен қайшы тығып, осы кісілердің арқасында аман қалып отырмын.
Оксананың да жағдайы осыған ұқсас. Тағдыр қосқан қосағынан көңілі қалған соң ол да 3 баласын жетектеп, дағдарыс орталығына бас сауғалаған. Жетімдер үйінде тәрбиеленген оның басқа барар жері жоқ.
Оксана:
- 9 жыл ішінде неше рет кеттім. «Кешір, кешір», - дейді, қайтадан келемін. Қанша ұрса да, ешқайда өтініш жазып, милиция шақырған жоқпын.
Мамандардың айтуынша, зорлық-зомбылық құрбандары көбейіп келеді. Ал, орталықтың көмегіне жүгінген әрбір адамға жан-жақты құқықтық кеңес беріліп, мейлінше психологиялық қолдау көрсетіледі. Орталық ашылған алғашқы 2011 жылы небәрі 8 адам көмек сұрап келсе, былтыр 120 жан осы жерді паналаған.
Жандос Тұсмағамбетов, «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры:
- Күнделікті өздерінің шағымдарымен 1-2 әйел келіп жатады. Әрине, біз барынша қабылдаймыз. Алдағы уақытта орталықтың жатын орын санын көбейту жоспарымыз бар.
Статистика бойынша, елімізде әрбір жетінші әйел зорлық-зомбылықтан зардап шегеді. Бірақ, көп жағдайда келіншектер отағасынан озбырлық көргенімен, құқық қорғау органдарына шағымданбайды. Өрескел әрекетін кешіреді. Гүлназ да балалары үшін жолдасын кешірді, енді бірер күнде өз үйіне оралмақшы.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ