Қазақстан мен Түркия арасында туристік байланыс артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Түркия арасында туристік байланыс артып келеді

19.04.2018

Мәселен, 2002 жылы Түркияға небәрі 40 мың отандасымыз қыдырып барған. Ал, былтыр 450 мың адам бауырлас елде болған. «Осылайша, бұл көрсеткіш он бес жылдың ішінде он есе көбейіп отыр», - дейді мамандар.

Алматыда өткен жиында туроператорлар біздің азаматтар Түркияның Анталья, Бодрум, Белек, Кемер сияқты қалаларында демалғанды ұнататындығын айтты. Енді аталған мемлекеттің Мәдениет және туризм министрлігі Жерорта теңізінің жағалауларынан бөлек, көне шаһар Каппадокияға да көптеп саяхатшыларды тартпақшы. Себебі, бізден басқа әлемнің әр қиырынан жыл сайын 40 млн-нан астам турист келіп кетеді. Ал, Қазақстанның туроператорлары алдағы уақытта еліміздің тарихи жерлері мен Бурабай, Қапшағай, Шымбұлақ секілді тағы да басқа демалыс орындарына Түркиядан келетін туристерді күтіп алуға әзір екендіктерін жеткізді. 

Дженгиз Айдын, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің өкілі:

- Қазақ-Түрік арасындағы туристік қарым-қатынас одан әрі дамып, нығая береді. Себебі, біз - бауырлас елміз. Түбіміз - бір. Қазір сіздердің туроператорларыңызбен кездесіп, Түркиядан қазақтың көрікті жерлеріне туристерді көптеп жіберу мәселесін талқыладық. Олар да барынша қолдау көрсететіндігін жеткізді. Ал, алдағы уақытта біз саяхатшыларға денсаулық, тағам, спорт туризмін де ұсынуды қолға алдық. 

 

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу