Жедел жәрдем көлігі жедел жете ме? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жедел жәрдем көлігі жедел жете ме?

18.04.2018

Целиноград ауданы тұрғындары денсаулықтарына алаңдайды. Олар «аяқасты ауырып қалсақ, кімнен көмек сұрарымызды білмей безек қағамыз»,-дейді. Өйткені, жедел жәрдемді үйлеріне шақыртса, келмейді екен. Сондықтан, амалсыздан қалаға қаралуға мәжбүр. Бірақ, оның өзіне қиындықпен жетеді.

10 жасар Қажымұқан бірнеше күн бұрын ойнап жүріп мойнын қайырып алды. Жеткіншек қазір анасының алдында бейқам жатқанымен, сол кезде қатты қиналған. Себебі, жедел жәрдем «жедел» жетпек түгілі, мүлдем келмепті. 

Ақмарал Есетова, Қажымұқан ауылының тұрғыны:

- Үйден хабарласып едім, біз ауылға келе алмаймыз, МАИ постына келіңдер деп айтты. Біз жанталасып бардық. Ауру баламен 1,5 сағат жүріп бардық. Олай болмайды ғой.  Ауырып бара жатқан адаммен 1,5 сағат жеткенше, күйі не болады?!

Бұл бір ғана оқиға. Егде кісілердің қан қысымы көтеріліп, нәрестелер ауырып немесе жүкті әйелдердің жаны қысылатын жайттар болады. Тіпті, лажсыз жағдайда да тұрғындар тығырықтан өздері шығу тиіс.

Ауылдағы амбулаторияның есігі айқара ашық болғанымен, қайыры шамалы. Терапевт, педиатр, акушер дәрігер атымен жоқ. Бір ауылға бір медбике қызмет етеді. Үлгергенінше және білігінің жеткенінше, әрине.

Әсем Қозыбақова, Қажымұқан ауылының жоғары санатты медбикесі:

-Бізде дәрігер жоқ, жедел жәрдем жоқ деп отырмаймыз ғой. Түн демейміз, күн демейміз, үйден шығып кете береміз.

Нысаналы Ығыл, тілші:

-Мұнда денсаулығы сыр берген адамды сырқатынан бұрын емделу орнына қалай жетемін деген сұрақ мазалайды. Өйткені, қалаға кіреберіс жердегі шеп бекетіне жетіп алуы тиіс.

Міне, 12 шақырымды артқа тастап, әупірімдеп шеп бекетіне де келіп жеттік. Ауылдағы әр науқастың көретін күні осы. Бірақ, мұнымен машақат бітпейді. Енді қаладан жедел жәрдем шақыртып, соны күту керек.

Әлімжан Юлдашев, фельдшер:

- Негізі ол жақтың адамдарына қызмет жасау біздің міндетімізге жатпайды. Сол үшін де бізде шақырту көбейе түседі. Басқа шақыртулар көбейгеннен кейін бригадалардың жетіспеушілігі байқалады.

Жедел жәрдем мәселесі Талапкер, Қараөткел және Қоянды селолық округтерінде өзекті. Мысалы, Қажымұқан ауылындағы емхана тізімінде 1300-дей адам бар. Ал тіркелген тұрғылықты халық саны 3000-ға жуық.

Александр Высоцкий, Ақмола облысы Жедел жәрдем станциясының бас дәрігері:

- Целиноград ауданына қарасты елді мекендерде ішкі миграция әлі реттелмеді. Халықтың басым бөлігі жергілікті емханаларға тіркелмеген. Бұдан соң қалайша ауыл тұрғыны болып есептелмек?! Норматив бойынша адам саны жеткілікті болса, мәселе шешіледі. Сол күні қаражат қаралып, әрі қарай бригада жұмысын бастайды.

Мәселені шешуге бел шешіп әлі ешкім кіріспеген. Әйтпесе, әкімдік те, медициналық ұйым басшылары да хабардар. «Ал, халық денсаулығымызға алаңдайтын күн туар»,-деп күтумен келеді.

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу