Алматыда шетелдік депутаттар мен мемлекеттік емес ұйым өкілдері Қазақстандағы азаптау мен зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жұмысының механизмімен танысты. Халықаралық сарапшылар адам құқықтарының қорғалуын нығайту мақсатында елде атқарылып жатқан істерді бағамдады. Бірқатар қылмыстық іспен танысып, қаладағы №1 тергеу изоляторын да аралап көрді.
Алматыда өткен жиынға Испания, Румыния, Польша мемлекеттерінің Парламент мүшелері, Италия және Чехияның мемлекеттік емес ұйымдарының өкілдері қатысты. Олар Қазақстан 1998 жылы Біріккен Ұлттар ұйымының конвенциясына қосылған күннен бастап біздің елде азаптау мен зорлық-зомбылыққа қарсы тиімді ұлттық жүйе қалыптасқандығын атап өтті.
Ян Кэмпбелл, халықаралық сарапшы:
- Қазақстанда қабылданған соңғы заңнамаларда кез келген тұлғаға қатысты азаптау мен қатал жазаларды қолдануға, олардың ар-намысын қорлауға тыйым салынған. Аталған принциптер Қылмыстық-процессуалдық және Қылмыстық-атқару кодекстерін жетілдіре түседі деп ойлаймын. Сондықтан, халықаралық құқықтық нормалар мен гуманизацияға бағытталған осындай жұмыстарды жалғастыра беру қажет.
Жиналғандар Қазақстан ашық әрі демократиялық және құқықтық мемлекет екендігі баса айтылды. Сондықтан, қазір кез келген арыз-шағымның жіті тергеліп, жәбірленушінің құқықтарының сақталуы - мемлекет саясатының басты ұстанымы. Осы бағытта атқарылған шаралар нәтижесінде 2017 жылы полицияның заңсыз әрекеті мен шешімі туралы шағымдар - 25 пайызға, заңсыз тергеу амалдары - 50 пайызға, азаматтарды заңсыз ұстап, Ішкі істер органдарына жеткізу әрекеттері 2 есе азайған.
Төлеубек Мұқашев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бізде адам құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа, азаптауға қарсы күрес жақсы жүріп жатыр деп есептеймін.
Бүгінде еліміздің барлық аймағында зорлық-зомбылық құрбандары болған азаматтарға көмектесетін күйзеліс орталықтары жұмыс істейді. Сондай-ақ, оларға заң негізінде медициналық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Оған қоса, биыл қаңтар айынан бастап азаптауға ұшыраған жандарға мемлекет тарапынан өтемақы төлеу мәселесі де қарастырылған. Мамандардың сөзінше, осы бағыттағы жұмысты жетілдіріп, азаматтардың бас бостандығын қорғауда әлемдік тәжірибеден өткен тың тәсілдерді енгізу керек.
Амангелді СЕЙІТХАН