Былтыр хакерлер Қазақстанның мемлекеттік маңызды мекемелеріне 20 млрд. шабуыл жасаған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 20 есеге көп. Көбіне интернет қылмыскерлері «Электрондық үкімет» сайттарын бұзуға ұмтылады.
Себебі, осы жүйедегі жеке мәліметтер олардың қызығушылығын тудырып отыр. Бұл туралы бүгін Астанада кибершабуылдарға тосқауыл қоюға арналған форумда айтылды.
Халықаралық жиынға Ресей, Украина мен Қазақстанның жетекші компаниялары қатысып, саладағы негізгі мәселелерді қозғады. Отандық IT мекемелер қазіргі таңда еліміздің интернет алаңындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандар тапшы. Білікті кадрлар шетелге ағылуда деп отыр.
Арман Әбдірәсілов, кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының директоры:
- Қазақстан нарығында мамандар өте аз. Дайын мамандар жұмыс таппағандықтан шетелге көшіп, сонда жұмыс істейді. Елімізде мұндай мамандарды дайындау үшін, ары қарай өсіп-өркендеуі үшін біз сияқты компаниялар көбеюі керек. Оларға жалақы төлеу керек. Одан кейін жобалар болуы керек. Қазақстанда қазір не ондай жобалар жоқ, компаниялар аз.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ