Алматыда «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылмақ

11.04.2018

Алматыда зейнет жасындағы азаматтарға арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылмақ. Онда қазыналы қарттар кез келген уақытта бас қосып, пікір бөлісе алады. Орталықта түрлі мәдени-рухани клубтар құрып, компьютерлік сыныптар ашу жоспарлануда. Сол арқылы қалада тұратын зейнет жасындағы азаматтардың уақыттарын тиімді өткізуі үшін жағдай жасау көзделген.

Қала әкімі Бауыржан Байбектің қатысуымен өткен «қоғамдық кеңесте» көтерілген басты мәселе -егде жастағы азаматтарға лайықты көңіл бөлу. Өйткені, қазір Алматы тұрғындарының 12%-дан астамы зейнет жасындағы жандар. «Ал, олардың өз уақытын заман талабына сай тиімді өткізуі қарттар үшін ғана емес, ең алдымен келешек ұрпақ үшін маңызды», - дейді мамандар.

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

- «Алматы 2020» даму бағдарламасында көрсетілген дамудың басым бағыттарын бірлесе іске асыруда Қоғамдық кеңестің орны қашанда бөлек болмақ. Сондықтан да, қарияларымызға деген қамқорлығымызды арттыруға, олардың өмір сапасын жоғарылата түсуге бағытталып арнайы әзірленген «Белсенді ұзақ өмір» жол картасын ең алғаш болып бүгін өздеріңіздің назарларыңызға ресми түрде ұсынбақпыз.

Деректерге сүйенсек, Алматыда қазір 222 мың зейнеткер бар. Олардың 13 мыңнан астамы қалалық ақсақалдар кеңесінің мүшесі. Жыл сайын 4 мың зейнеткер санаториялық-курорттық жолдамалар алады. Аз қамтылған 17 мың зейнеткерге әлеуметтік көмек көрсетіледі. Оның ішінде 2 мың зейнеткердің коммуналдық төлемдері өтеледі. Бірақ, бұл аз. Сондықтан, қарттарға лайықты көмек көрсету жоспарын жүзеге асыру үшін биыл 2,6 млрд. теңге қаржы бөлінбек.

Қазақбай Қасымов, қалалық ақсақалдар кеңесінің мүшесі:

- Бұл бастама, жол картасы, ұзақ өмір сүрудің жол картасы мемлекетімізде бірінші Алматыдан бастау алып отыр. Болашақта мұның абыройлы жеңіске жететініне көзіміз жетеді. Ұзақ өмір сүруді біз белсенді жүргізсек, күніне елімізге, халқымызға пайдалы кеңестер беріп, жұмыстармен шұғылдансақ, ол әрине, мемлекетімізге де, халқымызға да, жанұямызға да жағымды.

Мамандар халықаралық өлшемге сәйкес, 70 жастағылар қария қатарына жатпайтынын айтады. Өйткені, Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай әлемде өмір сүрудің орташа ұзақтығы 76 жасқа жетпек. Ал, Алматыда бүгіннің өзінде ол көрсеткіш 75,9 жас. «Бірақ, мәселе ұзақ жасауда емес, өмірді мәнді-мағыналы, сапалы-белсенді өткізуде», - дейді қоғамдық кеңес мүшелері.

 

Амангелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу