Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның әріптестігі сан саланы қамтиды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның әріптестігі сан саланы қамтиды

10.04.2018

Оңтүстіккореялық Джи Мин Сок өзін Ерасыл деп атауды сұрайды. Соңғы уақытта біздің еліміздің тарихына, өнеріне, тіліне қызығушылық артып келеді. Көптеген қазақ жастары хангук елінде білім алып жатса, Қазақстанда оқып жатқан кәрістер де артып келеді. Екі ел тек мұнай өнімдерін өңдеу саласында ғана бірлесіп жұмыс атқарып жатқан жоқ. Қазіргі таңда тараптар шағын және орта кәсіпкерлік бағытындағы әріптестікті нығайта түсуде.

Оңтүстік Кореядан келетін импортта техника оның ішінде көліктердің үлесі жоғары, ал біздің елден негізінен мұнай және ядролық отын экспортталады. Бұл елмен сауда айналымы бойынша Қазақстан Ресейден кейін ТМД-да екінші орында тұр. Ал биыл Оңтүстік Кореяның Президенті Мун Чжэ Иннің Орталық Азия елдеріне, оның Қазақстанға сапары жоспарлап отыр.

Ким Дэ Сик, Қазақстандағы Оңтүстік Корея Республикасының төтенше және өкілетті елшісі:

- Ол IT, электроника, құрылыс, медицина және денсаулық сақтау, білім беру және адам ресурстары сияқты салаларда қарым-қатынастарды дамыту үшін негіз болады деп үміттенеміз. Қазақстан экономикасы жылдан-жылға артып келеді. Менің ойымша, келер жылы ол қолайлы экономикалық негізді қалыптастырады.

Корейлер қазақтарды «сұлу адамдар елі» деп атайды екен. Оңтүстік Кореяға  барған сапарымыздан «манасо пангапсымнида», яғни сізді көргеніме қуаныштымын, және «камсахамнида» –рахмет,  деген сөздерді жиі естідік. Ал бұл жігіттің есімі Джи Мин Сок. Бірақ, ол өзін Ерасыл деп атауын өтінеді. Студент қазақ халқының өнеріне қызығады. Сондықтан да біздің ана тілімізді үйреніп жүр, «биыл жазда Астанаға келемін», - дейді.

Джи Мин Сок, студент:

Бізге университетке алмасу бағдарламасымен Қазақстаннан студент қыз келді. Сол қазақстандық топтың өнерін көрсетті, мен қатты таңқалдым. Сол күннен бастап қазақтарға қызығушылығым басталды. Қазақ тілін оқығаныма бір ай ғана болды, бірақ мен амандасуды, әліпбиді білемін.

Ал, Со Енг Хун немесе Құдайберген аға Оңтүстік Кореядағы қазақ тілінің кафедрасын ашқан профессор. Ол алты жылдай Алматыда тұрған, университетте сабақ берген. Қазір Оңтүстік Кореяның Енин қаласында тұрады.

Со Енг Хун тарихшы болғанымен, жақсы жобаны қолға алды. Ол қазақ-корей, корей-қазақ сөздігін жасап жатыр. Бұйырса мамыр айында шығады. «Қазақ-корей тілдерінің грамматика саласында ұқсастықтары өте көп», -  дейді профессор. Жалпы Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның әріптестігі сан саланы қамтиды. Арамыздығы жылы қарым-қатынас, ынтымақтастық беки түссін. Екі тараптың да тілегі - осы.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу