Теміржолшылар зейнет жасын төмендетуді сұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміржолшылар зейнет жасын төмендетуді сұрады

10.04.2018

Бұл туралы салалық кәсіподақ ұйымдарының республикалық форумында айтылды. Мамандардың мәлімдеуінше, салада теміржол жұмысшысы, поезд тіркеуші және вагон қараушы сияқты ауыр әрі денсаулыққа зиянды кәсіптер бар. «Дәл осы кәсіп иелерінің зейнет жасын кемінде 5 жылға азайту керек», - дейді форум қатысушылары. Бұған дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы машинистер үшін әлеуметтік жеңілдіктер енгізген болатын. Бүгінде локомотив жүргізушісі мен оның көмекшісі 58 жасында салалық жәрдемақы алады. Сондай-ақ, форумда бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағаларының ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Бақытжан Әбдірайым, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:

- Кәсіподақ бар жерде ұжымдық шарт бар. Ал, ұжымдық шарт бар жерде әр жұмысшының әлеуметтік және еңбек құқықтары қорғалады деген кепіл бар. Сол себепті, біз Қазақстандағы жұмыс берушілерге үндеу жасап жатырмыз. Таза жұмыс істеу үшін кәсіподақ керек деп.

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу