Алматы облысында жоғалған балықшылар әлі іздестірілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында жоғалған балықшылар әлі іздестірілуде

05.04.2018

Алматы облысының Қапшағай қаласы маңында Сорбұлақта жоғалған балықшыларды іздеу жұмысы нәтиже бермеген. Осыдан 3-4 ай бұрын хабар-ошарсыз кеткен жандардың жақындары Ұлттық арна тілшілерінен көмек сұрады. Амалы таусылған олар балықшыларды табудың басқа да әдістеріне көшу керек деп отыр.

Былтыр 24 желтоқсанда кешкі сағат 17:36-да үйден шығып кеткен Ұлан Түткенбаев пен Азамат Ахмолдин із-түзсіз жоғалды. Арада 3 айдан астам уақыт өтсе де, еш хабар жоқ. Екі азаматтан бөлек он күн бұрын Максим Вебер, Николай Кригер есімді қапшағайлықтар Сорбұлақтан оралмаған.

Элмира Қалымбетова, жоғалған азаматтың анасы:

-Іздестіруді осы күнге дейін тоқтатпай жатырмыз. Енді одан бері қаншама дауылдар, толқындар болып жатыр. Ол енді судың шегіне шығар не ескектері болар еді ғой.

Төзімдері таусылса да, жақсылыққа сенген жақындары балықшыларды суға батты дегенге сенгісі келмейді. Қандай да бір жағдай болып, басқа жақта жүруі мүмкін деп жорамалдайды. Себебі, Сорбұлақтың суын тінтіп, іздемеген жерлері қалмаған. 

Ольга Кравчук, жоғалған азаматтың әпкесі:

Егер көргендер бар болса немесе осы адамдар туралы әлдеқандай ақпарат естіген болсаңыздар бізге көмектесулеріңізді сұраймыз. Біз іздеп, таба алмай отырмыз. Сіздердің шынайы ниеттеріңізге сенеміз.

Ал, құтқарушылар күндіз-түні Сорбұлақтың суына арнайы аппараттарды сүңгітіп, жоғалғандардың мүрдесін табуға бар күштерін салуда. Тіпті, көктем келгелі іздестіру жұмыстарын күшейттік деп отыр. Ал, қыс бойы балықшылардың жақындарымен бірге Сорбұлақтың аумағын түгел  тексеріп шыққан.

Өмірзақ Дүйсебек, облыстық ТЖД жедел құтқару бөлімінің бас құтқарушысы:

Енді қанша іздеу керек болса, сонша іздейміз. Бүгінгі күннің өзінде бір группа сонда іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ал, құзырлы орган өкілдері жоғалғандарды іздестіруді тоқтатпайтындарын айтты.

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу