Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы құс фермасында күніне 20 мың дана жұмыртқа шығарылады. Халық арзан әрі сапалы өнімді пайдаланып отыр. Өңірге жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаттары ферманың жұмысымен танысты. Өндіріс орнында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы негізінде жаңа екі цех іске қосылған. Алдағы уақытта ет бағытында құс өсіріп, жылына 65 тонна құс етін өндіру жоспарда бар. Депутаттар сондай-ақ, Көкшоқы ауылындағы жылыжайда болды. Бұл жерден жылына 20 тонна қияр мен 10 тонна қызанақ алынады. Ал, былтыр бағбандар тамшылатып суару әдісімен сарымсақ еккен, осы сәуір айының соңында өнім алғалы отыр.
Дархан Мыңбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Кәсіпкерлердің саны ғана емес, сапасы да өсіп келе жатыр деп айтуға болады. Өйткені, олар қазіргі заңдардың барлығын біліп отыр. Тіпті, несие алып қана емес, кезінде өз қаржысын салып дамып жатқандар да бар.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ