Отын-энергетика саласына қажетті мамандар даярлайтын орталық он жылдан бері суда тұр. Осы күнге дейін құрылысына 4,5 млрд. теңге бюджет қаржысы жұмсалған. Батпақты жерге тұрғызылған нысанның көпке бармай қасбеті жарылып, қабырғалары қақыраған. Мердігер компаниялар да бірінен соң бірі ауысып, шетінен банкрот болды. Ал, былтырғы жылы республикалық маңызды нысанды облыс иелігіне беру жөнінде шешім шықты. Содан бері әкімшілік нақты жұмыстарды қолға алды. Алдымен бас жобада мүлдем болмаған дренаждық жүйе, яғни, суағарлар салынды. Нәтижесінде жертөле құрғады. Енді ғимаратты әрлеу жұмыстары жүргізілмек.
Болат Бақауов, облыс әкімі:
- Құрылысты жүргізу сараптамасы мен жаңа жоба әзірлеуге тапсырыс бердік. Өз тарапымыздан жасалуға тиісті шаралар атқарылды. Ең бастысы, жерасты суларын құрғаттық. Облыстық бюджеттен 300 млн. теңге қаржы бөлінді. Мердігер компанияны анықтау бойынша конкурс өткізілді. Енді осы ғимарат құрылысын толық аяқтау үшін республикалық бюджеттен қаржыландыру күтіп отырмыз.
Болат АМАНБАЕВ